Мал ұрлығы — бүгінгі күннің өзекті мәселесіне және ауыл дертіне айналып отырғаны баршамызға мәлім. Әсіресе, ауыл тұрғындарының күнкөріс көзі осы төрт түлік малдары болып табылады. Сондықтан әрбір малдың ұрлануы олардың тұрмыс-тіршілігі үшін қиынға соғары хақ. Бүгінгі таңда облыс аумағында мал ұрлығы қылмыстарының алдын алу, болдырмау мақсатында ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар жасалуда.
Осыған орай, Төлеби АПБ-нің бастығы полиция подполковнигі Бауыржан Жанаевтың басшылығымен, Төлеби ауданы әкімдігі бірлесіп мал ұрлығының алдын алу бойынша рейдтік іс-шара өткізді. Тәртіп сақшылары түнгі сағат 02:30-дан бастап іске кірісіп, Төлеби ауданына қарасты мал базарын тексеріп, ондағы құжаттандырылмаған, ен салынбаған, сырғаланбаған малдарды анықтау жұмыстарын жүргізді.
Төлебилік полицейлер мал базарына жүргізген рейдтік іс-шара барысында, базар басшылығынан бастап түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Әсіресе, базарға әкелінген әрбір малдың жеке құжаты болу керектігін, қайдан келгенін, ұсақ малдардың сырғаланғанын қадағалауды қатаң тапсырды. Егер қандай да бір күдікті мал байқалып жатса, полиция қызметкерлерін шақыруды ескертті.
Аудандық полиция қызметкерлері ӘҚБтК-нің 406-бабы «Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасын бұзу» бойынша 31 хаттама, 608-бабымен «Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру» бойынша 3 хаттама, 612-бабы «Құжаттары жоқ және басқару құқығы жоқ адамның көлік құралын басқаруы» 3 хаттама, 591-бап «Көлік құралын басқару кезінде жүргізушінің телефонды не радиостанцияны пайдалануы» 1 хаттама, 200-бабымен 1 хаттама, басқа да баптармен 21 хаттама, жалпы құқықбұзушылықтар бойынша 60 хаттама анықтап, олардың иелерін заң шеңберінде жауапқа тартқан. Егер малдың құжаты болмаған жағдайда оның иесі Әкімшілік құқық бұзушылық кодексі бойынша жауапқа тартылатын болады. Сонымен қатар, полиция қызметкерлері мал базарлары жұмыс істейтін күні ауданға кіретін және шығатын жолдардағы барлық жүк көліктеріне тексеру жұмыстарын жүргізді. Ондағы арлы-берлі тасымалданып жатқан ірі қара және ұсақ малдардың барлығын да тіркеуге алып, құжаттарын тексерді.
Осылайша жан-жақты атқарылып жатқан шаралар нәтижесінде мал ұрлығы қылмыстарына барынша тосқауыл қойылуда. Бұл полицейлердің тынымсыз еңбегінің нәтижесі. Көрсеткішті одан әрі жақсарту мақсатында алдағы уақытта да жұмыстар жүргізіле бермек.