60 мектеп директоры тергеу абақтысында

381

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс — қимыл агенттігінің ұйымдастыруымен Шымкенттегі білім ошақтарының басшылары тергеу абақтысының өмірімен танысты. Құзырлы мекеме өкілдерінің айтуынша дәл осы салада жемқорлық тиылмай тұр. Осыған байланысты мектеп басшыларын түрмемен жақын таныстыру шарасын ұйымдастырыпты. 


Мектеп директорларының өздері бүгін мектептің оқушысындай сапта тұр. Түрмемен танысуға қымбат тон киіп келген олардың абақтыға саяхат алдындағы көңіл күйлері көтеріңкі.

Сотталғандар отыратын камераға кіруге бірнешеуінің ғана батылы барып, өзгелері оны сырттан бақылап тұрды. Кейін қолқаны қапқан түрме иісінен тезірек құтылуға асыққандай. Тіпті тілшілермен алған әсерін бөлісуге шамалары жетпеді.

Жалпы жыл басынан бері Шымкентте білім беру саласының 4 қызметкері пара алып ұсталған. Жемқорлық етек жайған сала басшыларын түрмеге шақыру алдағы уақытта да жалғаса бермек. Осылайша сала мамандары белең алған жемқорлықты ауыздықтауға ниетті.
Назерке Үкібасова