ҚР ҰҚК Алматы қаласы бойынша департаменті прокуратурамен бірлесіп, «Олимп» букмекерлік кеңсесі әкімшілігінің заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Бұл туралы ҚР ҰҚК баспасөз қызметі хабарлады.

Тергеу деректері бойынша, компания Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнама нормаларын бұза отырып, белгілі бір табыс табумен интернет-ресурс арқылы лицензияланбаған әрекетті жүзеге асырған. Тиісінше, осы салаға салық салынбаған.
Сондай-ақ, Қазақстан шегінен тыс ақшалай қаражатты заңсыз шығару арналары анықталып, оқшауланды. Қаржы қылмыстары саласына жататын өзге де әрекеттер тіркелуде.

«2019 жылғы 29 қарашада Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты «Олимп» БК сауда белгісімен «Only bet» және «Alpha bet» ЖШС берілген лицензия қолданысын 6 ай мерзімге тоқтатты», — делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта «Олимп» БК заңсыз әрекетінің, сондай-ақ салық заңнамасын бұзудың нақты ауқымын анықтау бойынша тергеу іс-шаралары жүргізу басталды.