фото inform.kz

Отбасының науқас мүшесіне күтім жасайтын жұмыскерлерге толық емес жұмыс уақыты режіміне құқық берілмек. Бұл туралы Парламент Мәжілісінде еңбек мәселелері жөніндегі заң жобасын талқылау кезінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жалақысы сақталмайтын демалыс бүгінде тараптардың өз келісімі бойынша беріледі. Алайда отбасының науқас мүшесінің күтімі бойынша ұзақ демалыс қажет болған кезде, жұмыскерлер жалақысы сақталмайтын демалыс ала алмай, соның салдарынан жұмыстан шығуға мәжбүр болып жатады. Осыған байланысты медициналық қорытындыға сәйкес, күтімді қажет ететін отбасы мүшесіне күтім жасау үшін жұмыскерлерге толық емес жұмыс уақыты режімін енгізу ұсынылады», — деді министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне еңбек мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Заң жобасында жұмыскердің лайықты еңбек және тұрмыс жағдайларына құқығын белгілеу және әкімшілік заңнамаға тең еңбек жағдайлары бойынша кемсіту фактілеріне жол бергені үшін жұмыс берушілерді жауапкершілікке тартуға негіздеме енгізуге ұсынылады. Құжат еңбек қатынастарын, әлеуметтік серіктестікті, қауіпсіздік және еңбекті қорғау мәселелерін реттеуге бағытталған.