Сайрам ауданындағы «Қауіпті жол»

371

Сайрам ауданына қарасты Қара су ауылындағы №74-ші орта мектептің ата — аналары дабыл қағуда.

Құрылыс жүріп жатқан Жібек жолы күре жолынан өту осындағы балаларға да, ересектерге де қиындап кеткен. Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде талаптарын мектеп қабырғасында өткен жиын барысында ортаға салды.

Сайрамдағы Қарасу ауылын қақ жарып өтетін күре жолда құрылыс жүріп жатқандықтан көліктер жолдың бір жағымен қатынауда. Бағдаршам алынып уақытша жаяу жүргіншілер белгісі орнатылғанына қарамастан жүргізушілер аялдамақ түгілі жылдамдықты басады.

Оқушылардың қауіпсіздігін қамту мақсатында осы төңіректегі №74 мектептің ұстаздары кезекшілікпен балаларды жолдан өткізуге мәжбүр.

Айнұр Ермекбаева, №74 мектептің ұстазы: «Тоқтамайды көрдіңіздер ғой. Бастауыш сыныптың оқушыларын ата — аналары алып кетеді. Алып кетпегенін өзіміз жолдан өткіземіз. Ана жолы С. Сейфуллин атындағы мектептің оқушысын қағып кетті».

Әрбір жол оқиғасынан кейін балаларының амандығын тілеген ата — аналар бағдаршам орнату жөнінде Сайрам ауданының әкіміне дейін арыздарын жеткізген. Алайда нәтиже жоқ деп ашынады ата — аналар.

Ботакөз Кенжебекова, ата-ана: «Үш немерем осы №74 мектепте оқиды. Бірі 11, 9 және 2-ші сыныпта. Мектептен келгенше  уайымдаймыз. Жол  көлік оқиғасы да бұл бөлікте жиілеп кетті. Бағдаршамды тез арада орнату керек».

600 балаға шақталған №74-ші мектепте бүгінде 800 оқушы дәріс алуда. Бастауыш сынып оқушыларының саны 300 —  ге жеткен. Білім ордасының басшылығы да қол қусырып отырған жоқ. Кезекшілік ұйымдастырылып, оқушыларға жол ережелері күнделікті түсіндірілуде.

Балалары мектептен келгенше жандарын шүберекке түйген ата — аналар бұл жолы Қарасу ауыл округі әкімінің қабылдауына жазылды. «Егерде нәтиже болмаса, келесі жолы аудан әкіміне барамыз» деп шешті.

Шынар Оразова