Сайрам ауданына қарасты Қара су ауылындағы №74-ші орта мектептің ата – аналары дабыл қағуда.
Оқушылардың қауіпсіздігін қамту мақсатында осы төңіректегі №74 мектептің ұстаздары кезекшілікпен балаларды жолдан өткізуге мәжбүр.
Айнұр Ермекбаева, №74 мектептің ұстазы: «Тоқтамайды көрдіңіздер ғой. Бастауыш сыныптың оқушыларын ата – аналары алып кетеді. Алып кетпегенін өзіміз жолдан өткіземіз. Ана жолы С. Сейфуллин атындағы мектептің оқушысын қағып кетті».
Әрбір жол оқиғасынан кейін балаларының амандығын тілеген ата – аналар бағдаршам орнату жөнінде Сайрам ауданының әкіміне дейін арыздарын жеткізген. Алайда нәтиже жоқ деп ашынады ата – аналар.
Ботакөз Кенжебекова, ата-ана: «Үш немерем осы №74 мектепте оқиды. Бірі 11, 9 және 2-ші сыныпта. Мектептен келгенше уайымдаймыз. Жол көлік оқиғасы да бұл бөлікте жиілеп кетті. Бағдаршамды тез арада орнату керек».
600 балаға шақталған №74-ші мектепте бүгінде 800 оқушы дәріс алуда. Бастауыш сынып оқушыларының саны 300 – ге жеткен. Білім ордасының басшылығы да қол қусырып отырған жоқ. Кезекшілік ұйымдастырылып, оқушыларға жол ережелері күнделікті түсіндірілуде.
Балалары мектептен келгенше жандарын шүберекке түйген ата – аналар бұл жолы Қарасу ауыл округі әкімінің қабылдауына жазылды. «Егерде нәтиже болмаса, келесі жолы аудан әкіміне барамыз» деп шешті.
Шынар Оразова