Бүгін облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Сайрам ауданында болып, ауданға жаңа әкім тағайындады.

ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімімен, Сайрам ауданының әкімі лауазымына ұсынылған Ұласбек Сәдібековтың кандидатурасына аудандық мәслихат депутаттары бірауыздан қолдау білдірді. Депутаттармен кездесуден кейін Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Естайұлы аудан активімен жүздесті.

Сайрам ауданының активін жаңа басшымен таныстыруға барған облыс əкімі Өмірзақ Шөкеев Ұласбек Сәдібекұлының жаңа қызметіне сәттілік тілеп, алдағы уақытта абыройлы еңбек ететініне сенім білдірді.

Сәдібеков Ұласбек Сәдібекұлы 1967 жылы 12 ақпанда Оңтүстік Қазақстан облысы, Бәйдібек ауданы, Жамбыл ауылында туған. Целиноград ауыл шаруашылық институтын, «Қайнар» университетін бітірген. Экономика ғылымдарының кандидаты.
Ұласбек Сәдібекұлы алғашқы еңбек жолын 1983 жылы бұрынғы Алғабас ауданы, қазіргі Бәйдібек ауданында бастаған. Ақмола облысында Жастар комитетінде ең еткен ол 2002 жылға дейін мемлекеттік қызметтің түрлі сатысынан өтті. Бәйдібек, Сарыағаш аудандарында әкім болып қызмет атқарды. 2009-2012 жылдары – «Нұр Отан» ХДП-ның Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары; 2012 жылғы қаңтардан бастап Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты. Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі. «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясының мүшесі, партиялық тізім бойынша сайланған. Осыған дейін Түркістан облысы әкімінің көмекшісі қызметін атқарды.

«Құрмет» орденімен, «Астанаға 10 жыл», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» медальдарымен марапатталған. Оңтүстік Қазақстан облысы Бәйдібек және Сарыағаш аудандарының құрметті азаматы.