Әл Фараби ауданына қарасты 27 мыңнан астам азамат мүлік салығына 84 млн. теңге қарыз болған. Ең қызығы берешектің көбі қалталылардың еншісінде. Бүгін зәулім сарайда тұрып, салық төлеуден қашып жүргендерге арнайы рейд ұйымдастырылды.
Қаланың қақ ортасында орналасқан мына үйдің егесі өткен жылғы мүлік салығын төлемеген. 2018 жылдың есебі бойынша, қазынаға 554 мың теңге құюы қажет. Әл-Фараби ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының өкілдері есігін қағып, ескертпе жасауға келгенде үй иелерін таппады. Тек зәулім сарайдың жалдамалы жұмысшылары күтіп алды.
Шымкентте міндетті төлемнен жалтарып жүргендер жетерлік екен. 51 азаматтың мүлік және жер салығы бойынша берешегі 90 млн. теңгеден асып кеткен. Рейдтік шара барысында жыл соңына дейін борышынан толық құтылатын болса, үстіндегі өсімпұлы алынып тасталады. Алайда, бұл ескертуге де құлақ аспағандардың ісі сотқа жолданып, есеп шоттары бұғатталады.
Жұман Шерхан, Әл-Фараби ауданы бонйыша мемлекеттік кірістер басқармасының өндірістік емес төлемдер бөлімінің басшысы: «Хабарлама алған күннен бастап 30 жұмыс күні ішінде орындамаған жағдайда салық бұйрығы шығарылады. Ал содан кейін іс сот орындаушыларға өткізіледі».
Ағымдағы жылы берешек сомасын толық өтеген 4900 салық төлеушіден 1 500 000 теңге өсімпұл алынып тасталған. Сондай-ақ, салық төлеушілердің берешегі ай сайынғы түбіртекте көрсетіледі.
Ғалымжан Кенжебек