Жыл соңы таяп, сала-сала жылдық есебін жасап, Жаңа жылға жос-пар құрып, қарбалас күн кешіп жатыр. Осы орайда Қазақстанның рухани дамуына серпін болар «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Шымкентте нендей шаруалар атқарылғанын білмекке Шымкент қалалық «Рухани жаңғыру» кеңсесінің меңгерушісі Зәуре Оралбаевамен сұхбаттастық.

– ҚР тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру шеңберінде Шымкентте «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі құрылды. Аталған бөлімге сіз жетекшісіз. Соған дейін медиада, дәлірегі «Отырар TV» телеарнасында ұзақ жыл қызмет етіп, жаңа салаға, жаңа бағытқа ауыстыңыз. Әуелі бейімделу барысында қандай қиындықтар болды?
– «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі 2019 жылдың сәуірінде құрылды. «Шымкент Ақпарат Орталығы» ЖШС жанынан ашылған бөлімде 9 адам жұмыс істейді. Иә, бөлім құрылғалы жетекшілік етіп келемін. Оның алдын екі ай Шымкент қаласы әкімдігінде жаңадан ашылған Ақпарат коммуникациялық орталығының коммуникациялық қызмет және қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы болдым. Сондықтан, жаңа салаға бейімделуде мен үшін айтарлықтай қиындық тудырмады. Республиканың үшінші мегаполисі – Шымкенттің қалалық ішкі саясат және дін істері басқармасының Елбасы бағдарламасын іске асыруда, жүйелі жұмыс істеуде алға қойған мақсаты айқын. Биыл Президент Әкімшілігімен келісіліп, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асырудың 2019 жылға арналған іс-шаралар жоспары қала әкімімен бекітілген. Оны тиімді іске асыруға 1 млрд 12 миллион теңге жоспарланды. Жоспар 77 тармақтан құралды.

– Медиадағы тәжірибеңіз мемлекеттік бағдарламаны насихаттаудағы қызметіңізге қандай пайдасын тигізді?
– Жасырмаймын, пайдасы аз болмады. Мемлекетіміздің бірден-бір идеологиялық құжаты саналатын Бағдарламаның іске асырылуында басқармалармен, аудан әкімдіктерімен, барлық саладағы мекемелермен, үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс істеудегі тәжірибемнің үлкен көмегі тиді. Байланыс орнатуда, бағдарлама аясындағы іс-шара, жоспарларды қарастырып, пікірлесуді бұрынғысынша жалғастырып келеміз. Тек, ресми құжаттармен жұмыс барысында біраз үйренетін тұстар болды. Бүгінгі қоғам не нәрсеге де сергек, сезімтал. БАҚ мақсаты – салауатты, білімді, мәдениетті қоғам тәрбиелеуге атсалысу ғой. «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасының түп қазығы да осында. Сананы жаңғыртуға деген ішкі ұмтылыс – жеке адамның, жалпы қоғамның дамуының басты қағидасы емес пе?! Сондықтан, өмір сүру үшін өзгере білу керек. Оған көнбегендер шаңға көміліп, тұншығып қала береді.

– Биыл Шымкентте аталған бағдарлама аясында қандай елеулі жұмыстар атқарылды?
– Бағдарлама аясында 2019 жылдың сәуір-қарашасында жалпы 500-ден астам шағын және ауқымды іс-шара өткізіліп, 412 мың адам тартылды. Өңірлік жоспарға сәйкес, 57 іс-шара халықаралық, республикалық, аймақтық деңгейде ұйымдастырылды. Олардың негізгілерін атап өтсек:
Өлкенің тарихын кеңінен тану, зерттеу мақсатында қаладағы 5, 6, 7-сыныптарға арналған «Өлкетану» оқулығын алуға бюджеттен 93 миллион 591 мың 700 теңге бөлініп, 60448 дана оқулық қала мектептеріне таратылды.
«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша мемлекеттік тілге аударылған алғашқы 18 оқулықты таныстыру презентациясы қаладағы жоғары оқу орындарының барлығында өтті. Сонымен қатар, қаладағы кітапханалар мен филиалдары да 48 аталымдағы жаңа оқулықтармен қамтылып келеді.
«Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру» жобасын жүзеге асыру үшін арнайы желілік кесте әзірленіп бекітілді. Кестеге сәйкес, жыл басынан 54 іс-шара ұйымдастырылып, БАҚ арқылы насихатталды. Қалалық тілдерді оқыту әдістемелік орталығы негізінде латын графикасын үйрету, оқыту курстары мен семинарларына 7 532 адам қамтылды. «Қазақстанның рухани киелі жерлері. Қазақстанның сакралды географиясы» жобасы бойынша Шымкент қаласында алты айда 61 іс-шара өткізілді. Жалпы, жоба бойынша қаладағы 7 тарихи-мәдени ескерткіштер республикалық маңызы бар қасиетті, киелі жерлердің тізіміне, ал 8 нысан – жергілікті маңызға ие орындар қатарына енді. Қаладағы киелі орындар мен туристік маңызы бар 20 ескерткішке QR кодтар орналастырылды. Шымкент әуежайында қала қонақтарына ыңғайлы және пайдалы болу үшін аудиогидтер енгізілді. Бұл жұмыстар 2020 жылы жалғасын табады.
Қала көшелерінде киелі орындардың тарихи деректері мен сипаттамасы бейнеленген 27 баннер ілінді.
Қазан-қараша айларында мемлекеттік қызметшілер, шетелдік журналистер, блогерлер, сонымен бірге, жергілікті тарихшылар, қаламгерлер, тілшілердің қатысуымен Шымкент қаласының киелі орындарына танымдық-ақпараттық экскурсиялар және экспедиция ұйымдастырылды.
Шымкент қаласының даму тарихын бейнелейтін «Цитадель» (Ескі қаланы жаңғырту) бойынша ескі қалашық аумағына зерттеу жұмыстары қызу жүргізілуде. Қалашық қақпасының іргетасы қаланды. Қайта құру жұмыстарын жүргізуге жергілікті бюджеттен 500 миллион теңге қаржы қаралды. Қазба, зерттеу жұмыстары толық жүргізілгеннен кейін, мұнда ашық аспан астындағы музей және амфитеатр, галерея ашылады.
«Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында Шетел студенттерімен «Шымқалаға қош келдіңіз!» шарасы өткізілді. Nauryz «Koshkar-Ata» көпшіліктің асыға күтетін дәстүрлі ұлттық шараға айналды.
Сонымен қатар, сәуір айында Шымкент қаласында «Қызғалдақ жолы» халықаралық фестивалі өтті. Іс-шараға 10 мыңнан астам көрермен жиналды.
Маусым айында «OLD WORLD ORDER / NEW WORLD ORDERS» атты британдық суретшілердің көрмесі өтті.
Қараша айының 25-і күні Ташкент қаласында Қазақстанның Өзбекстан еліндегі жылына орай, Шымкент қаласының мәдениет күні өтті.
«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпаздары қатарына 2017 жылы ОҚО-нан (Шымкент қаласы) 3 азамат енді. 2019 жылғы 1 қазан мен 1 қараша аралығында республикалық «100 жаңа есім» конкурсына 81 үміткер қатысты. Жыл соңында жеңімпаздардың есімі белгілі болады.
Қазақстан Жазушылар одағымен бірлесіп, өңірдің оң тәжірибелері мен бірегей тарихи құндылықтарын негізге алып, «Әдеби өлкетану» және «Тарихи әдеби өлкетану» жобасы аясында 2020 жылы екі кітап шығарылады.
Шымкент қаласы әкімдігі «Qazaq Epos» республикалық ағарту жобасының комитетімен келісім түзіп, «Qazaq Epos» қоғамдық қорының жобасы аясында «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауын ұйымдастырды.
«Ұлы даланың ұлы есімдері» арнайы жобасы аясында Мемлекет және қоғам қайраткерлері Сұлтанбек Қожанов және Тұрар Рысқұловтың 125 жылдығына арналған республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы ұйымдастырылды.
Қараша айында «Шырайлы Шымкент: Береке басы — бірлік бастауы» қоғамдық форумы өтті. Аталған форумға зиялы қауым өкілдері және қоғам қайраткерлері сондай-ақ жазушы, публицист, профессор, академик Ғарифолла Есім, қоғам қайраткері, академик, профессор, мәдениеттанушы Мырзагелді Кемел шақырылды.
Сондай-ақ, қалалық ішкі саясат аясат және дін істері басқармасының ұйымдастыруымен «Шымкенттің тарихы мен өркениеті» атты аймақтық ғылыми-тәжірибелік конференциясы ұйымдастырылды.

– Рухани жаңғыру аясында Шымкент көшелеріне зиялылардың сөздері жазылған билбордтар ілініп жатыр. Мұндағы сөздер қалай таңдалады?
– Иә, дұрыс айтасыз. Бүгінде Шымкент қаласы көшелерінде қазақтың ақындары, ғұлама ғалымдары бейнеленген, олардың өлеңдері, шығармаларынан үзінді келтірілген 80-ге жуық билборд ілінген. Қоғамға ой салар бұл билбордтарды ақындардың өзі «поэзия алаңы» деп атады. Өте орынды! Тек Оңтүстіктің емес, еліміздің барлық ақындары қамтылған. Олардың 70 пайызы көзі тірі ақындар. Ұлы Абай мен Шәкәрімнен басталған бұл «шеруден» жас ақындар да қалыс қалып отырған жоқ. Мақсат – қала тұрғындары мен қонақтарына ой салатын поэзиядан нәр берумен қатар, сол ақындарды елге таныту, барынша насихаттау. «Бұл билбордтар уақыт өте келе алынып тастала ма» деп сұрайтындар бар. Олар жаңаланып тұрады! Дәл осы билбордтарға қатысты Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов: «Шымкент – Қазақстандағы поэзия қаласына айналуы керек. Себебі өлең оқыған адамның ішкі әлемі көркем болады. Ішкі әлемі көркем адам ешқандай қылмысқа бармайды, ешқандай жамандық жасамайды. Адамдары жамандыққа бармайтын қала нағыз қайырымды қала болады. Өмірдегі жамандықтармен тек заңмен күресу жеткіліксіз, жамандықты жеңгіңіз келсе руxаниятты күшейтуіңіз керек!» деп пікір айтқан.

– Рухани жаңғыру бағдарламасының негізгі мән-мағынасына ойыссақ. Көпшілік Рухани жаңғырудың түпкі мақсатын дұрыс түсіне ме?
– Рухани жаңғыру бағдарламасы туралы жалпылама сөз айтудан аулақпын. Бұл бағдарлама – ұлттық идеология негізі. Мақалалық бағдарламаны Елбасы, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев бағыттары мен арнайы жобаларын нақты келтіріп, бағдарлап жазып берді. Оны іске асыру үшін қазақстандық әр азамат өз ісіне жауапкершілікпен қарап, жаңаша пайыммен батыл қадамдар жасауға дайын болуы керек. Бір ұғымды түйсігінде тас қылып ұстап қалуға болмайды. Дәстүрімізді дәріптеп, салтымызды сақтауымыз керек. Адамды сүю, құрметтеу. Дәстүрді сыйлау, жаңғырту. Қазақтың жайсаң мінезін, мәрттігін, тектілігін, мейірімділігін қалыптастыру. Код дегеніміз осы емес пе?! Ал бұл біздің барлық ісімізде көрініс табуы керек. Жаңа технологияларды пайдалануға мүмкіндік көп. Бұрынғыдай емес, халықтың көп нәрсеге көзі ашылды. Рухани жаңғыруға байланысты 2,5 жылда нендей тірлік атқарылғанына әркім өзіне есеп беруі керек. Рухани жаңғыру – қоғамдағы өз орныңызды табуда, өз дауысыңыз бен кез келген мәселеге қатысты саналы пікіріңіздің барын білдіру, білуге ұмтылу, естіген ақпаратпен шектелмей, ізденуге ден қою дер едім. Қоғамдық пікірден шыға алмау көп нәрсеге тежеу болады. Оны жеңу, дәлелдеу үшін Сізге білім керек. Рас, интернет ақпарат береді, алайда, ол – білім емес! Мағлұмат береді, ол – ғылым емес! Сондықтан, білімнің салтанат құруы, сананың ашықтығы, бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, елдің эволюциялық дамуы – ұлт санасын жаңғыртуға қажетті бұл бағыттардың мәнісіне жетіп, сөзбен емес, іспен әрекет ету баладан бастап атаға дейін міндет!

– Келер жылдың жоспарын айтып берсеңіз? 2020 жыл – Шымкент қаласы – ТМД елдерінің мәдени астанасы болады. Жұмыстарыңыз еселенетін шығар?!
– Сөзсіз, солай болғалы тұр. Жоспар ауқымды. Кешенді жоспарды Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне жолдадық. Бекітілсе, соның шеңберінде мазмұнды басқосулар, келелі мәселе көтерілетін, нақты шешімдер қабылданатын кездесулер мен қоғам мүшелерінің санасын жаңғыртуға бағытталған түрлі шаралар іске асырылады. Олар: ТМД елдерінің мәдени астанасы – Шымкент қаласының дамуы, ерікті жастар қозғалысын тиімді жобалармен жандандыру, Ұлы Абай мен Әл-Фарабидің мерейтойларына арналған бірегей жобалар мен республиканың үшінші қаласын жан-жақты танытатын, көркейтетін игі істер.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан – Жанерке ХУМАР

«Оңтүстік Рабат», №49, 4 желтоқсан 2019 ж