Сарыағаш ауданындағы Қанағат ауылына шибөрілер шабуылдап жүр

515

Сарыағаш ауданындағы Қанағат ауылына шибөрілер шабуылдап жүр. Осылай деп дабыл қаққан тұрғындар ауылдағы мәселенің мұнымен бітпейтінін айтады. Елді елеңдеткен тағы бір жағдай уәде етілген көгілдір отын мен ауыз су проблемасы.

Барлығын алыстан арбалап аламыз деген ел ауыл көшелерінің де батпақтан көрінбейтінін айтып ашынады.

Сарыағаш ауданындағы Қанағат ауылының тұрғындары жылдар бойы жаһанданудың өздеріне жете алмай жатқанына ашынады. Бұл ауылда тіршілік нәрі тек ауыл басындағы бір ғана құбырдан ағады. Күніне бір рет келетін суға ел кезекке тұрып қол жеткізеді. Ал, үлгере алмай қалғаны бос шелекпен үйіне қайтуға мәжбүр.

«Үлгерсек суды аламыз, үлгермесек үйде қалған суды амалдап, үнемдеп қолданамыз. Одан басқа амалымыз жоқ» дейді ауыл тұрғындары.

Ал, ауылдағы көгілдір отынның жыры мүлдем бөлек. Мұнда жыл бұрын газ құбыры жүргізілген. Алайда, құбыр келгенімен іші әлі күнге дейін бос. Тұрғындардың сөзінше ауыл әкімі көгілдір отынды 10 күнде келеді деумен бір жылды өткізген.

Көшенің кейіпіне көзі үйренген көпшілік тегіс жолды тек қана армандайтынын айтады. Аяғына етік қана емес целофанды қоса байлап шығатын олар кейде 21 ғасырда өмір сүретіндеріне сенбейді. Әкімдік есігін тоздырып біттік деген олар ендігі қайырды кімнен күтерін білмейді

Ауыл әкімі болса тегіс жолдың Қанағатқа қай жылы келетінін білмейді. Сөзінше коммуналдық мәселе толығымен шешілгенде ғана ауыл тұрғындары тегіс жолмен жүруі мүмкін екен.

Қанағат ауылының тұрғындарына әлі қанша уақыт қанағат ету керектігі белгісіз. Әкімнің сөзінше ауылдағы көшелер жылына бір -бірлеп көгілдір отынға қосылмақ. Сарығаштағы бұл ауылда 20 көше екенін ескерсек Қанағат газбен толықтай 20 жылда ғана қамтылмақ.

Назерке Үкібасова