Шардара мен Сарыағаш аудандарын жалғайтын жолдың сапасы сын көтермейді.

Шардараға барар күре жол ойдым-ойдым«Ойдым-ойдым жолда көліктер бұзылғаны былай тұрсын, апат та жиілеп кетті» дейді жүргізушілер.

Сарыағаш ауданынан Шардараға шығатын жолдың ой-шұқыры шопырларды әбден шаршатты. Ойылып кеткен асфальтте түзу жүруден қалған жүргізушілер, шұқырдан қашамын деп шатаққа тап болатын кездері көп.

«Өздеріңіз көріп тұрсыздар, жолдың бәрі шұрқ — тесік. Көлікпен жүрудің өзі қиындап кетті» дейді жолаушылар.

Бұл мәселені облыс басшылығына депутаттар да  айтып-ақ келеді. Іс — сапарымен Түркістанға жиі келетін халық қалаулысы Сәду Бекенов жол мәселесін әр тұрақты комиссияда көтереді.

Алайда әзірге сала басшыларының жауабы жалғыз -«мүмкіндік жоқ». Алдағы үш жылға арналған бюджетті нақтылау барысында басымдық өтпелі нысандардың құрылысын аяқтауға беріледі. Бюджеттік бағдарлама аясында былтыр жолдарды күрделі және орташа жөндеу жұмыстарына 2 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінген. Нәтижесінде жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының үлесі 71,2 пайызға жеткізілді дейді жауаптылар. Биыл жылдың соңына дейін 186 шақырым жол, 167 нысанда жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Шынар Оразова