Шымкенттегі «Достық» елді-мекенінің тұрғындары ауыз су мен жарыққа жарымай жүр. Аудан осыдан бірнеше жыл бұрын қала аумағына кірген. Алайда, содан бері елді — мекенде өзгерген ештеңе жоқ. Осылай деген үшінші мегаполис тұрғындары қала орталығына қатынаудың да мұңға айналғанын айтады.


«Достық» елді — мекені тұрғындарының әкімдіктегілерге айтары көп. Қаратау ауданы әкімдігінің табалдырығын тоздырған олар бұл жолы жауаптыларды «Достыққа» шақырған. Сөздерінше, түйінге айналған жарық, ауыз су, жол және мектепті мінбедегілердің өздеріне көрсетпек. Алайда, бір қауым елмен кездесуге келген ешкім болмады.

Дилфуза Халимбетова, қала тұрғыны: «Біз бүгін әкімдіктің адамдарын шақырғанбыз. Бірақ біреуі де келген жоқ, жұмыстарымыз көп деп. Біздің сөзімізді кім тыңдайды? Көрген күніміз осы сапалы жарық жоқ. Қалаға өтетін жолдың түрі мынау. Күнде иманымызды үйіріп өтеміз».


Елді — мекен бұған дейін Сайрам ауданына қарасты болған. Қала аумағына бірнеше жыл бұрын қосылған ел содан бері өзгерген ештеңе жоқ дейді. Жел тұрса үп етіп сөнетін жарық та, қала орталығына апаратын жол да бәз баяғы қалпында. Сөздерінше атқамінерлер коммуналдық жүйені 2019 жылы жөнге келтіреміз деп уәде берген.

Тәжібай Қасымов, қала тұрғыны: «Жарығымыз жел болған күні міндетті түрде өшеді. Жаңбыр мен қар жауғанда да жарықсыз қаламыз. 6 жылдан бері коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшыларына барып келемін. Бірақ әлі күнге дейін шешілетін түрі жоқ. Бізде көпбалалы, жолдасы жоқ отбасылар көп. Оларға да қиын ғой. Одан бөлек жарық ұрлау да көп. Бітпейтін оған кейде 1200 теңгеге дейін төлейміз».


Ал, коммуналдық мекеме мамандары «Достық» елді — мекеніне жағымды жаңалық барын айтады. Тек қуаныш биыл емес келесі жылы орындалмақ.

Нұрлан Жаманкөз, қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары: «Наурыз айында дайын болған жобаны сессияға ұсынамыз. Қаржы бөлінгеннен кейін құрылыс жұмыстарын жүргіземіз. Ауыл үлкен емес, келесі жылдың соңына дейін аяқтаймыз деген жоспар бар. 2020 жылы сапалы ауыз су мен сапалы электр энергиясын тапсыру жоспарда бар».

Қараңғы туннель мен жол мәселесіне нүктенің қашан қойылары белгісіз. Еске сала кетейік, темір жол бойындағы тұрғындар осыған дейін де тораптан өтер жолға шағымданған. Ал, жаз соңында тіпті шымкенттік бүлдіршінді пойыз басып кеткен еді. Кейін баланың теміржол бойында тұрғаны анықталды.

Назерке Үкібасова