Шымкентте алғашқы «Парасаттылық» басқармасы ашылды

228

Бүгін М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетінде «Парасаттылық» басқармасының салтанатты түрде ашылуы өтті.

Шараға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Т.Серікбаев, Университет ректоры Д.Қожамжарова, «Шымкент-адалдық алаңы» жобалық кеңесінің басшысы Е.Төлебаев, қала әкімдігінің өкілдері, Университет оқытушылары мен студенттер қатысты.

Парасаттылық басқармасының мақсаты — сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, парасаттылық мәдениетін қалыптастыру, өскелең ұрпақты адалдық қағидаттарына тәрбиелеу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы менеджмент жүйесін дамыту және енгізу жөніндегі жобаны жүзеге асыру болып табылады.

Ашылу салтанатында сөз сөйлеген Департамент басшысының бірінші орынбасары Т.Серікбаев шараны ұйымдастырушыларға алғысын білдіре отырып, «Ең әуелі сыбайлас жемқорлықтың салдарымен күресу емес, оның алдын алудың жолын әрбір қазақстандық өз отбасында дәріптесе, қоғам дертіне қарсы иммунитетті де нықтаған болар едік. Бүгінгі Сіздердің Университтеріңізде ашылып отырған «Парасаттылық» басқармасы және басқа да жобалар сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда бірлескен жұмысымызды одан әрі күшейтуге септігін тигізеді» — деді.

«Білім беру саласы тек білім берумен шектелмейді, оқу орындары қазіргі жастардың бойында рухани және мәдени құндылықтарды қалыптастыратын, ғылыми ізденістерге жол салатын, адал және әдепті болашақ маман даярлайтын орта болып табылады» — деді Д.Қожамжарова.

Басқарма, «Шымкент-адалдық алаңы» және «Саналы ұрпақ» жобалық кеңселерімен, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментімен, Шымкент қаласының әкімдігімен тығыз жұмыс жүргізетін болады.
Айта кетейік, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің бастамасымен еліміздің барлық білім беру мекемелерінде «Парасаттылық мектептері» ашылуда. Шымкент қаласында алғаш болып салтанатты түрде М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университеті «Парасаттылық» басқармасын ашты.