Бір айдан бері бітімге келе алмай жүрген тараптар тартысынан енді оқушылар қысым көре бастаған. Осылай деп арнамызға арызданған ата — аналар балалары үшін қорқатынын айтады.

«Тассай» елді- мекеніндегі №102- мектептің оқушылары күн сайын мектепке автобуспен келіп кетеді. Оқушылар көлікке алаңсыз мінгенімен, оларды үйіне дейін жеткізетін жүргізушіде уайым көп. Сөзінше, бұған дейін білім ұясына баратын бағыт басқа болған. Енді мектеп енгізген жаңа бағыт жол апатына апара жатқанын айтады.

Пернебек Досымбеков «Мен өзімді ғана емес балалардың да қауіпсіздігін ойлаймын. Жаңа бағыт олар үшін өте қауіпті. Ой шұқыры көп жерден бөлек, теміржолдан да өтеміз. Ал, онда белгі мүлдем жоқ. Жарықтандыру мәселесі атымен болмаған. Пойыздың астында қаламыз деген қорқынышпен келеміз мектепке».

Бірақ бұл сөзге білім ұясының басшылығы келіспейді. Сөздерінше «Достық» шағын ауданынан жаңа мектеп ашылғалы ол жақтан келетін оқушылар қатары сиреген. Салдарынан бағытты өзгертуге тура келіпті. Бірін бірі түсінбеген қос тарап бір айдан бері жанжалдасып келеді.

Ал ата-аналардың айтуынша көлік жүргізушісі мінезін тек басшылыққа емес оқушыларға да көрсетеді екен. Балаларының сөзін сөйлеген олар даудың басы көлік жүргізушісінің сес көрсетуінен басталғанын айтады. Күннен күнге үдеген текетірес соңы балалардың үйге жетпей жолда қалуымен аяқталыпты.

Қаладағы бұл мектепке 120 оқушы мемлекеттік автобуспен келеді. Әділдік таппадым деген оның жүргізушісі енді қала әкімдігіне жүгінуге бекінген. Ал, басшылық оны жұмыстан шығармақ ниетте. Ата-аналар болса, 10 жылдан бері қатынайтын автобустан айрылып қаламыз ба деп қорқып жүр.

Назерке Үкібасова