«Кәсіподақ — қамқоршым». Шымкентте «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің ұйымдастыруымен осындай атаумен форум өтті.
Онда 2 миллионнан астам мүшесі бар еліміздегі ең ірі ұйым кәсіподақ ұйымының белсенділері, салаға еткен еңбегі елеулілер марапатталды. Ел Тәуелсіздігі күніне орайластырылған салтанатты іс-шарада кәсіподақтықтардың жыл бойына атқарған тындырымды жұмыстары қорытылды.
Атаулы датаға орайластырылған салтанатты шараға «Нұр Отан» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының орынбасары Қалыйма Жантөреева қатысып, еңбеккер құқын қорғауда бас партиямен бірлесе аянбай еңбек етіп келе жатқан кәсіподақтықтардың жұмысын жоғары бағалап, үздіктерді марапаттауға атсалысты.
Әуезді әнмен әрленген әсерлі кеште «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Берік Бекжанов арнайы сөз алып, әріптестерінің жемісті жұмыстарына ризашылығын білдіріп, мәртебелі марапаттарды салтанатты жағдайда табыстады. Жыл аяғына қарай ұйымдастырылған қорытынды шарада Түркістан облысы әкімінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалімен кәсіподақ ардагері Камил Бикенин, «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Серік Әуесханов, «ҚР Кәсіподақтар Федерациясы РКБ» активтерін басқару бойынша дирекцияның «Южказпрофсервис» ЖШС директоры Қаппар Есенов, «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы Түркістан облыстық ұйымы» ҚБ төрағасы Бақыт Еркінбек марапатталып, мерейлері үстем болды. Сондай-ақ Түркістан облысы әкімінің «Алғыс хаты», Түркістан облысы әкімінің «Құрмет граммотасы», «Түркістан облысы әкімінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалі, ҚР Кәсіподақ Федерациясының «Кәсіподақтар ардагері» төсбелгісі, ҚР Кәсіподақтар Федерациясы «Кәсіподақтар федерациясының» «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің «Құрмет граммотасы» да өз иелерін тауып, салтанатты жағдайда табысталды.
Бұл шарада кәсіподақ саласында жүріп, қоғамның аймақтың, шырайлы шаһардың өркендеуіне, онымен қоса экономикамыздың белсенді тобы — жұмыскерлердің мәртебесін көтеруде бар білім-біліктіліктерін салып абыройлы қызмет еткен әріптестерге үлкен құрмет көрсетілді! Айта кетейік, биылғы жыл «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі үшін табысты да қыруар жұмысқа толы қарбалас жыл болды.
Кәсіподақтықтар саяси дода сайлау кезінде де белсене жұмыс атқарып, Арыс оқиғасы тұсында жарылыстан жапа шеккен тұрғындарға қамқор болып, елдіктің үлгісін көрсетті. Сонымен қатар «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі қызметкерлері жергілікті билік өкілдерімен бірлесіп еңбек қауіпсіздігін алдын алуда түрлі нәтижелі жұмыстар атқарып келеді.
Тараптардың бірлескен шаралары жалақы қарызын азайтуға да, түрлі еңбек дауларын алдын алуға да сеп болып отыр. Еңбек қорғау және еңбек қауіпсіздігі бойынша салалық кәсіподақ ұйымдарымен атқарылған жұмыстардың да жемісті екенін айта өткен жөн. Бүгінгі күнге кәсіподақ мүшелерінің 7 жарым мыңға жуық адамы немесе 4,5% оқытудан өтті. Еңбек қорғау және еңбек қауіпсіздігі бойынша 1 жарым мыңға жуық өндірістік кеңес, оның ішінде 1288-і кәсіподақ бастамасымен құрылған. Жалпы жұмыс жасайтын 1 жарым мыңға жуық еңбек қорғау жөніндегі техникалық инспекторлардың 1019-сі немесе 70% біліктіліктерін көтерген.
Еңбек қауіпсіздігін сақтау бойынша 585 тексерулер ұйымдастырылды. Оның ішінде өндірістік кеңестің бастамасымен 165 тексеру, жұмыскерлердің бастамасымен 124 тексеру және басқа 296 тексеру жүргізілген. Нәтижесінде 487 еңбек заңдылықтарын бұзушылық анықталып, ол ескертпелер толығымен түзетілген. Кәсіподақ ұйымдары 56 еңбек дауын шешуге және 5 жазатайым оқиға орын алған жағдайларды зерттеуге қатысқан. 58 жұмыс орны аттестаттаудан өткізіліп, өндірістік кеңес жұмыстарындағы еңбек қорғау және техника қауіпсіздігі бойынша 102 семинарлар ұйымдастырылған.
Татуласу орталығының жұмысы да жүйелі. Орталықта жалпы 470 адамға көмек көрсетілген. Медиациялық процеспен дауларын шешуге келген азаматтар 282, оның барлығы бітімгершілікпен сәтті аяқталған. Оның ішінде, еңбек дауы бойынша келгендер 34 болса, оның барлығы бітімгершілікпен сәтті аяқталған. Бұдан бөлек, 188 адамға психологиялық көмек көрсетілген.
Мақпал Рысбаева