Шымкентте көпбалалы отбасылар мен жас мамандарға пәтер кілті табысталды

232

Бүгін Шымкент қаласында Жаңа жыл мерекесіне орай көпбалалы аналар мен жұмыс істейтін жастар пәтер кілттерін иеленді.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы Н.Назарбаев 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялаған болатын. Сондай-ақ, мемлекет басшысы Қ.Тоқаев көпбалалы аналар мен тұрмысы төмен отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету мәселесін алға қойған еді.

Осы орайда, 2019 жылдың қорытындысы бойынша Шымкент қаласында жалпы 450 көпбалалы ана мен 904 жасты баспанамен қамтамасыз ету көзделіп отыр.
Жалпы, Шымкент қаласында бюджет есебінен 2019 жылы 1554 пәтерлі 27 көпқабатты тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Оның ішінде 656 пәтерлі 11 несиелік тұрғын үй, 898 пәтерлі 16 арендалық тұрғын үй.

Бүгінгі іс-шара өткізіліп отырған Әкімшілік іскерлік орталығында 590 пәтерлі 10 көпқабатты арендалық тұрғын үйдің құрылысы жүргізілген. Оған қосымша, «Шымкент Сити» қалашығында 558 пәтерлі 9 көпқабатты арендалық тұрғын үй және Әкімшілік іскерлік орталығында 336 пәтерлі 6 көпқабатты тұрғын үй, қаланың Еңбекші және Абай аудандарында 70 пәтерлі 2 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріледі.

Қалалық әкімдік тарапынан көпбалалы аналар мен жағдайы төмен отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету және жастарды елге аянбай еңбек ету үшін сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үймен қамту жұмыстары жүйелі жүзеге асырылуда.
Елбасы мен мемлекет басшысының саясатын іске асыру мақсатында бұл жұмыстар алдағы уақытта да қарқынды түрде жалғастырылатын болады.