Шымкенттің 2020 жылғы бюджеті қабылданды. Биылғы соңғы сессияда қалалық мәслихаттың депутаттары Шымкент қаласының 2020-2022 жылдарға арналған бюджетін бекітті.
Кезекті 58-сессияның күн тәртібінде қаралған 20 мәселенің барлығы да өзекті болды. Ең бастысы — үш жылдық қала бюджеті мен Шымкент қаласының 2050 жылға дейінгі даму стратегиясы нақтыланып, бекітілді.
Сессия барысында сөз алған қала әкімі Ерлан Айтаханов республикалық трансферт бюджеті 3 есеге ұлғайғанын айтып, қаржының басым көпшілігі шалғай орналасқан елдімекендердің проблемалық мәселелерін шешуге бағытталатынын атап өтті. Сонымен қатар, шаһар басшысы аталған қаржының қай салаға жұмсалатынын түсіндірді.
«Қаладағы өзекті мәселелерді шешу мақсатында үш жылдық жоспар әзірленіп, оны жүзеге асыру үшін қаржылық негіздемелер бойынша ҚР Үкіметімен жұмыс жүргізілді. Осының нәтижесінде республикадан бөлінетін қаржы көлемі 3 есеге артып, жалпы бюджет 342 850 млн теңгеге жетіп отыр. Бұл қаржы биылғы бюджеттен 100 млрд теңгеге артық. Мемлекет қазынасынан бөлінетін қаржы экономикалық дамуға серпін беретін денсаулық сақтау, білім және тұрғын үй, ауыз су, инфрақұрылыммен қамту салаларына бағытталмақ», — деді Ерлан Қуанышұлы.
Мәселен, білім беру саласына 127 222 млн теңге бөлініп отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 48 пайызға артық. Аталған қаржыға 2020 жылы 7020 орынды 12 мектеп салынса, 11 мектеп пен балабақша ғимараты күрделі жөнделмек. Сонымен қатар қалада жаңадан «Оқушылар» сарайы салынып, 134 мектептің материалдық-техникалық базасы жаңартылады.
Ал денсаулық сақтау саласына бөлінген қаржы 2,2 есеге ұлғайып, 11 419,0 млн теңгені құрап отыр. Жыл соңына дейін медицина ұйымдары толығымен компьютермен жабдықталып, келер жылы 32 денсаулық сақтау мекемесі құрал-жабдықтармен қамтылмақ. Қалалық №2 аурухана, №2 перзентхана және «Ана мен бала» орталығының ғимараттары күрделі жөнделеді. Бұдан бөлек, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 100 жедел жәрдем автокөлігі алынып, автоматтандырылған колл-орталық іске қосылады.
Сондай-ақ, тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамту мақсатында бюджеттен 3 773 млн теңге қаралып отыр. Осының нәтижесінде алдағы үш жылда қала халқын ауыз сумен қамту деңгейі 93 пайыздан 99 пайызға жетеді.
Қала бюджетінің тағы бір бөлігі абаттандыру және тазалық жұмыстарына бағытталған. 2020 жылы 4 саябақ салынып, қалаға кіре беріс жолдардың бойы абаттандырылады.
Сессия соңында Ерлан Қуанышұлы халық қалаулыларын Қазақстан мәслихатының 25 жылдық мерейтойымен құттықтап, депутаттарға мерекелік медаль табыс етті. «Қазақстан мәслихаттарына 25 жыл» медалімен қала әкімі Е.Айтаханов та марапатталды.