«Шымкентте полицияның стационарлық бекеті қаңғыбастардың мекеніне айналған». Осындай мазмұн-атаумен бүгін таңғы сағат 9-30-дар шамасында біздің редакциямызға жергілікті тұрғыннан  whatsapp желісі арқылы видео-түсірілім жолданды.

https://www.youtube.com/watch?v=aumpMknF9fQ&feature=youtu.be

«Ынтымақ» шағынауданында түсірілген бейнежазбада жарығы жанып тұрған, бірақ әйнек-терезесі сынған полиция бекетіне 2 ер адамның жайғасып, олардың ұйқысұрап отырғанын байқауға болады. Тіпті үсті-басы лас адамдар масаң күйде сияқты.

Видео авторы олардың кім екенін және мұнда қалай тап болғанын сұраған. Бірақ бұл сауалдары жауапсыз қалған. 

Дәл осы видео-түсірілім бойынша Шымкент қалалық полиция департаментіне сұраныс хат жолдадық. Департаменттің баспасөз қызметі бұл мәселе бойынша зерттеу жұмыстары жүргізілгенін алға тартып, мынадай мәлімдеме жасады: «2017 жылдан бастап 2018 жыл кезеңінде Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі полиция бекеттерінің модульдерін дайындап, олардың 15-і ғана пайдалануға берілген, ал қалғандары талаптарға сәйкес келмегендіктен пайдалануға берілген жоқ.
Осыған байланысты Шымкент қалалық полиция департаменті талаптарға сәйкес келмейтін модульдерді өз балансына қабылдап алмаған. Алдағы уақытта жергілікті атқарушы органдардың көмегімен барлық коммуналдық жайлылықтармен (су құбыры, желдету, кәріз, жылыту), коммуникация (компьютерлер, телефондар, радиостанция) және қауіпсіздік жүйелерімен (бейнебақылау, «шақыру домофоны» жүйесі) жабдықталған заманауи модульдік бекеттер орнату жоспарлануда. Сондай-ақ, полиция қызметкерлері тұрғындардың өтініштеріне уақтлы, сапалы жауап беруді қамтамасыз ету және қылмыстық қол сұғушылықтан азаматтарды қорғау тиімділігін арттыру үшін аталған бекеттерде тәулік бойы қызмет атқаратын болады. Стационарлық бекеттер құқық бұзушылыққа неғұрлым бейім жерлерде орнатылады».

Мөлдір Бекеева