Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне орай ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті, қала әкімдігі мен «Ғаламат» қоғамдық бірлестігі «Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру: қоғаммен байланыс» тақырыбында форум өткізді.

Іс-шараға мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, АМТ мүшелері, бұқаралық ақпарат құралдарының, «Нұр Отан» партиясының өкілдері, Шымкент қалалық мәслихатының депутаттары, жоғарғы және орта арнаулы оқу орындарының басшылары мен студенттері қатысты.

Салтанатты шараны мегаполис әкімі Е. Айтаханов және Шымкент қаласының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі басшысының бірінші орынбасары Т.Серікбаев ашты.
«Сыбайлас жемқорлық – қоғам дерті. Осы орайда, Шымкент қаласының барлық тұрғындарын сыбайлас жемқорлықпен бірлесе күресуге шақырамын», — деді Е.Айтаханов.

Өз кезегінде, Т.Серікбаев сыбайлас жемқорлықтың кез келген көрінісіне «мүлдем төзбеушілік» және барлық азаматтардың белсенді азаматтық ұстанымы қоғамды осы жаһандық зұлымдықтан тазартуға көмектесетіндігін атап өтті.

«Шымкент-адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Е.Төлебаев қаладағы тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жою бағытындағы жұмыстың нәтижелері туралы баяндады.

Сондай-ақ, іс-шара барысында БАҚ өкілдері арасында «Үздік журналистік жұмыс» және «Үздік бейнеролик»номинациялары бойынша байқау жеңімпаздары марапатталды. Сонымен қатар, ЖОО мен колледж студенттері арасында өткен дебат, эссе, брейн-ринг байқауларының жеңімпаздары марапатталды.

Сондай-ақ, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруда белсенділік танытқаны үшін мемлекеттік органдардың, ҮЕҰ, мемлекеттік басқару академиясы филиалының және бизнес өкілдері алғыс хаттармен марапатталды.
Жалпы форумға 600-ден астам адам қатысып, арнайы бейнероликтер көрсетілді.