Елімізде сот төрелігінің мәртебесі күн санап артып келеді. Тіпті шығарылған үкімінің 95 пайызы дау тудырмайды. Бұл жөнінде бүгін Шымкент қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы Ербол Жанғазин айтты.
Сөзіне сенсек, биыл қалалық сотқа 2900 тұлғаға қатысты жалпы саны 1918 қылмыстық іс түскен. Бұл былтырғымен салыстырғанда 426-ға кем. Сондай-ақ, жыл басынан бері ақтау үкімі көбейгенімен, кінәлі деп танылған 2184 адам сотталған. Аппеляциялық алқаға түсетін шағымдар саны да еселеп қысқарыпты.
Осы және өзге де жәйттерге жіті тоқталған төраға үшінші мегаполисте өршіп тұрған, анығы — сотта жиі қаралатын қылмыстық істерді атады.
Ербол Жанғазин, Шымкент қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы: «Апелляциялық алқаға түсетін қылмыстық істердің дені — алаяқтық бойынша, яғни қазіргі уақытта қоғамда осы ұрлық пен қарлық, алаяқтық тыйылмай тұр. Шымкентте өршіп тұрған қылмыс та осы. Көбіне бір үйді екі-үш адамға алдап сатады немесе кәнігі баспананы банкке тиісті өтемақысы төленбей, сол банкке өтіп кеткен үй деп алдап, 14 жылға делінген жалған келісім-шарт түзіп, қарапайым халықты тақырға отырғызып кетеді».
Мөлдір Бекеева