Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті өкілдерінің қатысуымен өткен брифингте жаңа заңнама түсіндірілді. Елімізде алғаш рет басшылардың қол астындағы қызметкерлері үшін жауапкершілігі заңды түрде бекітіліп отыр.
Шымкентте жыл басынан бері 54 сыбайлас жемқорлық деректері тіркелген. Оның дені құқық қорғау, білім және жер қатынастары, салық салаларында орын алып отыр. Осы санаттағы қылмыстарды алдын алу үшін қолға алынып отырған заңнама талаптарына сай бұдан былай қызметкері сот үкімімен «жемқор» атанған жағдайда басшысы 10 күннің ішінде өз еркімен креслосын босатуға міндетті.
Енді оған сәйкес, министрлер мен вице-министрлер және әкімдер қол астындағы қызметкерлері үшін жауапты. Сыбайлас жемқорлықты тыюға биылдан бастап «Шымкент — адалдық алаңы» жобалық кеңсесі мүшелері де жұмылды. Брифингте кеңсенің жыл басына бері атқарған жұмыстары қорытылды.
Жетекшілердің атсалысуымен жұмыс кабинеттері бірінші қабатқа көшкен басшылары саны бүгінде 100- ге таяған. Оның ішінде 68 мектеп директоры болса,31 бас дәрігер. Бұл өзгеріс тұрғындардың шағымын азайтып отыр деп сендірді бастамашылар.
Айта кетейік, жуырда Шымкентте «Бизнес және инвестициялыар үйі» ашылады. Бір терезе қағидаты бойынша жұмыс істейтін орталық кәсіпкерлікті дамытуға қолбайлау болатын жемқорлық деректерін жояды дейді ұйымдастыруышлар.
Мақпал Рысбаева