Шымкенттегі үйлердің асты тағы да суға толды. Бұл жолы әбігерге Абай ауданының тұрғындары түсті. Бүтіндей бір көшеге төнген қауіптің неден туғаны әзірге белгісіз. Аула мен үйді алған қызыл суды төтеншеліктер 4 күн бойы тасыған. Алайда, Венецияға айналған Қарасу көшесіндегі жағдайдың қашанға дейін жалғасарын ешкім білмейді.
Қарасу көшесінің тұрғындары 4 күн демалысты осылай далада өткізген. Елдің жылы ұясынан безіп, сыртта жүру себебі үй астынан шыққан су. Қайдан келгені белгісіз бір сәтте аула мен жертөлеге су толған. Түсінбеген жұрт төтенше жағдай қызметкерлерін шақырады.
Содан бері төтеншеліктер Қарасудың ауласынан шықпай жүр. Сөздерінше, қанша тасығанымен қызыл су тиылар емес. Тоқтатудың басты амалын мамандар көше жанындағы өзен бойын тазартудан тапқан. Бірақ, ойға келген іске әлі кіріспепті.
Мұны естіген Абай ауданының әкімі бұл тоқтамды теріске шығарады. Тіпті жауаптылар ел алдында өз пайымдарын дәлелдеуге кірісті.
Жағдайдың мән жайын қазір «Су ресуртстары маркетинг» ЖШС-і тексеру үстінде. Зерттеуге жіберілген қызылсудың қайдан шыққанын мамандар алдағы уақытта жарияламақ.
Назерке Үкібасова