Түркістан қаласының тұрғыны Ақнұр Сапарбайға Корея елінің белгілі клиникасында күрделі ота тегін жасалды.
Қайырымдылық шарасы Пучон қаласында орналасқан «СунЧонХян» (SCH Soon Chun Hyang University Bucheon Hospital) клиникасының басшылығы мен Түркістан облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Мұқан Егізбаевтың арасында қол қойылған меморандум аясында жүзеге асты. Жиырма төрт жастағы отандасымыз қоян-жырық қасқыр таңдай диагнозының ауыр түрімен туған. Оған сәби кезінен бастап Қазақстанда бірнеше рет ота жасалынған.
Қайырымдылық шарасы аясында түркістандық науқасқа ауыр операцияны «СунЧонХян» клиникасының мықты пластикалық хирургтарының бірі, профессор Нам Сынг Мин жасады. Науқастың медициналық тексеруін, операциясы мен барлық шығындарды кореялық тарап толығымен өз мойнына алған.
Дәрігерлердің таңдауы Ақнұрға түскені жай емес. Ол — көпбалалы отбасының тұңғышы. Үшінші топ мүгедегі. Осыдан бір ай бұрын анасы дүниеден озды. Онсыз да бет келбетінің кемістігімен тауқымет кешкен науқасқа бұл үлкен демеу болып отыр.
«Бар арманым — құрбыларым секілді анық сөйлеп, еркін тыныс алу еді. Дұрыс тамақтана алмай да қиналмын. Корея еліне келіп үмітімнің ақталғанына қуаныштымын. Маған қолдау көрсетіп осында жолдаған жергілікті дәрігерлерге және ота жасаған профессорға шексіз алғысымды білдіремін. Тек осыдан бір ай бұрын қайтыс болған анамның осы қуанышымды көре алмағаны жаныма батады», — дейді Ақнұр Сапарбай.
Ота төрт сағатқа созылды. Профессор Нам Сынг МИН отаның сәтті өткенін айтады. Алда әлі біраз уақыт күтім керек. Көп жылғы арман — үміттің ақталған қуаныш сезімі Түркістан тумасының жүрегінде.
«Медицина қарқынды дамыған заманда мұндай жағдайға түскен адамды күйзеліске ұшыратпай, қол ұшын созу игі іс», — дейді кореялық дәрігер.
Қоянжырық –қасқыр таңдай туа біткен, тұқым қуалайтын кесел. Оған жүктіліктің алғашқы айларында ананың жұқпалы вирустық аурулармен ауруы себеп болуы мүмкін. Аяғы ауыр әйелдерге көп препараттарды қабылдауға қатаң тыйым салынатыны да содан. «Қоянжырық» – жоғарғы еріннің бітелуін білді¬ретін жақ-бет аймағының даму кемістігі. Еріннің ыдырауы жүк¬тіліктің 8-ші аптасына дейін, жақ-бет органдары дамыған кезде пайда болады. Бет саңылауларын түзетумен, бұзылған функ-цияларды қалпына келтірумен және туа біткен патологиясы бар пациенттерді оңалтумен жақ-бет хирургия¬сы, стоматология, логопедия, педиатрия саласындағы мамандар айналысады. Қоян ерні дамуының тағы бір факторы – кеш (35-40 жастан кейін) босану. Жүктіліктің соңғы кезеңдерінде ұрықты ультрадыбыстық зерттеу деректері бойынша қоян ерні бар баланың тууын анықтауға болады. Мәліметке сүйенсек, Түркістан облыстық балалар ауруханасында жыл басынан бері дәл осындай кемістіктермен 143 балаға ота жасалынған. Түркістан облысының қоғамдық денсаулық басқармасымен ынтымақтастығын дәлелдеп, Ақнұрға қайырымдылық көрсеткен Сунчонхян клиникасы — мәртебесі жоғары ірі медициналық мекемелердің бірі. Орталық 1978 жылы ашылған. Корея мемлекетінің 4 ірі қаласында орталықтары бар. Пучон қаласындағы осы көпсалалы клиникасы 3000 орынға есептелген. Сыйымдылығы кең ауруханаға басқа мемлекеттерден де ем іздеп келушілер көп. Науқастар алдын ала жазылып, бейнежазба арқылы дәрігерлік кеңес ала алады. Медициналық орталықтың ұжымы өздері күтіп алып, ем қабылдап кеткенге дейінгі барлық қажеттіліктерге жағдай жасап қойған. Түркістан облыстық қоғамдық денсаулық басқармасы мен аталған клиника арасындағы екі жақты келісім мұнымен шектелмейді. Алдағы уақытта облысымыздың дәрігерлері Сунчонхян медициналық орталығында біліктілік арттырып, тәжірибе алмасады. Шетелдік дәрігерлер таяуда ғана Түркістан қалалық ауруханасында науқастарды қабылдап, кеңес берген болатын. Профессор, әрі Сунчонхян клиникасының басшысы Ким Хен Чоль Түркістан облысының ауруханалары медициналық құрал-жабдықтармен жақсы қамтылып, барлық жағдай жасалғандығын атап өтті. Білікті дәрігерлеріңіз де жеткілікті деп отыр. Басты мақсат алда бірлесе тәжірибе алмасып, медицина саласын жетілдіру болмақ.