Түркістандық полицейлер балаларды жаңа жылмен құттықтады

150

Түркістан облысы Полиция департаментінің полицейлері «Жаңа жыл» мерекесіне орай қаланың бас шыршасына жиналып, балаларға ерекше тарту жасады. Аяз ата мен Ақшақар, түрлі жан-жануарлар кейпіне енген тәртіп сақшылары өздерінің құттықтау сөздерін айтып, балалармен бірге шыршаны айнала ән шырқап, би биледі. Кешкі уақытта серуендеуге келген әрбір қала тұрғынына керемет көңіл-күй сыйлады.

Мерекенің басты кейіпкері Аяз Атаның сыйлыққа толы қоржынын көрген балалар жарыса өнерлерін көрсетті. Бірі тақпағын тарту етсе, бірі әсем әнін шырқады. Аяз Ата әрбір баланың өнерін бағалап, дайындап келген сыйлықтарын үлестірді. Осылайша мерекелік бағдарлама қыстың аязды күніне қарамастан біршама уақытқа созылып, жиналған көпшіліктің көңілінен шықты. Өз кезегінде ата-аналар ортаға шығып, полицей Аяз Ата мен Ақшақарға алғыстарын жеткізді.

«Қаланың бас шыршасын тамашалауға отбасымызбен келген едік. Полицейлердің тосынсыйына тап болдық. Ұл-қыздарымыз Аяз Атаның қолынан алған сыйлыққа мәз-мейрам. Мереке қарсаңында тұрғындар үшін уақыттарын бөліп, көңілімізді көтерген облыс полицейлеріне ризашылығымызды білдіреміз»-деген тұрғындардың бал-бұл жанған жүздерінен қуаныш сезімі сезіліп тұрды.

Мұндай іс-шара алғаш рет ұйымдастырылып жатқан жоқ. Полицейлер жыл сайын балаларды қуантуға асығады. Облысқа қарасты қала, аудандарда да мерекелік шаралар өткізіліп, тұрмысы төмен, аз қамтылған отбасыларға азық-түліктер жеткізіліп, қайырымды істермен жалғасып отырады.