Тәртіп сақшылары шипажайда өз-өзін өлтірмекші болған жас жігітті құтқарып қалды

186

Сарыағаш АПБ-не сағат шамамен түнгі 22:20-да жергілікті шипажай мекемесінің директорынан, белгісіз жас жігіт өз-өзіне қол жұмсамақшы болып, балконнан секірмекші деген хабарлама келіп түседі.

Ақпарат келе салысымен сол аймаққа белгіленген учаскелік полиция инспекторлары полиция капитандары Қанат Мырзакелді, Нұрсаған Зайнулов, Мақсат Қудасовтар тез арада іске кірісіп, оқиға орнына жетті. Полицейлер келе сала 4-ші қабаттағы бөлмелердің бірінде балконда өз-өзіне қол салмақ болып, тамағын тіліп жіберген және екі қолына шыны сынықтарын ұстап тұрған жас жігітті көреді. Онысымен қоймай жас жігіт балконнан секіремін деп айта бастайды.

Осы сәтте полицейлер уақыт жоғалтпай, білдіртпестен шұғыл әрекет етеді. Учаскелік полицейлер өз-өзіне қол салмақ болған жігітті сөзге айналдырып тұрғанда, келесі балконнан Сарыағаш АПБ-нің жедел уәкілдері секіріп түсіп, баланы ұстап, құтқарып қалады. Осылайша тәртіп сақшылары қиын сәтте қырағылықтары мен кәсіби шеберліктері арқасында адам өмірін аман сақтап қалды. Оған алғашқы медициналық жәрдем көрсетіп, дәрігерлерді шақыртты.

Полицейлердің анықтауынша, бұл жігіт анасымен бірге Нұр-Сұлтан қаласынан Сарыағашқа жас жігіттің денсаулығына байланысты ем алуға келген. Ал, келген туыстарының үйі шипажайдың қасында болған. Кешкісін бәрі ұйықтап қалғанда жас жігіт ешкімге білдіртпей үйден шығып кетіп, шипажайға келіп, белгісіз бөлмеге кіріп кетеді. Сол жерден алма салынатын ыдысты сындырып, соның сынықтарымен өз-өзін өлтірмекші болғаны белгілі болды.

Дегенмен, Сарыағаштық полиция қызметкерлерінің жедел әрекеттері арқасында 19 жасар жігіт аман қалды. Қазіргі таңда жағдайы дұрыс, ауруханада жатыр. Өз кезегінде баланың туыстары полицейлерге алғыстарын білдірді. «Анасының жағдайы тіптен нашар. Біз туыстары сіздерге рахмет айтамыз. Баламыздың өмірін сақтап қалдыңыздар. Қорғаушы бола білдіңіздер. Сіздердің батырлықтарыңызға басымызды иеміз. Жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз»-дейді туыстары ағынан жарылып.