Тойдан табыс тапқандар

858

Той – халықтың қазынасы. «Ақша кетсе де, абырой кетпесін» дейтін тойшыл халық салтанат құруға келгенде барынан аянып қалмайды. Талғам мен талап шарықтап тұрған заманда той жасау да біраз шығын әкеледі. Осы орайда тойдың табыс көзі екенін түсініп үлгерген жас-тар да жетерлік. Сонымен, той-бизнеспен айналысатындар кімдер? Тойды ақшаға айналдыра білген жастардың жұмысымен таныстық.

ТОЙДАҒЫ РЕПОРТАЖ

 

Қуанышқа жиналған қонақтардан той басталғанша сауалнама алып, оны монтаждап, мереке ортасына таяғанда LED экран арқылы көрерменге бейнеролик ұсынатын қызмет түрін білесіз бе? Нұркелді Сәдуақасов осы кәсіптен нанын тауып жүрген жастың бірі.
– Бұл кәсіпті бастағанымызға 2 жыл болды. Командада екі жігітпіз: Бақдаулет — журналист, тойда сауалнама алады. Сауалнаманы түсіріп, соны монтаждаймын.

Жұмысымыздың ерекшелігі — тойға келген адамдардан той басталғанша сұрақ-жауап жинап, сол жерде отырып жедел монтаждап, тойдың ортасына келгенде ЛЭД экраннан көрсетеміз. Міндетіміз – тойға жиналған халықтың қызықты сәттерін түсіріп, көңілді кадрлар жинау, ондайда әрине, қулыққа баруға тура келеді. Мысалы, адамдардан «сіз Титаник фильмін көргенде қандай сезімде болдыңыз?»- деп сұраймыз, олар «өте әсерлі болды, көріп жыладық»- деп толқынысын жасырмайды. Ал монтажда сұрақты «Сіз осы тойға шақырту қағазын алғанда қандай сезімде болдыңыз?» деген сұрақты бейненің астына жазып қоямыз. Туыстарының солай жауап бергенін көрген қонақтар ішек-сілесі қата күледі. Бұл идеяны Ресейдің бір телеарнасынан көріп қалдық. Ұнаған соң өз форматымызға сәйкестіріп, әсіресе, Шымкент тойларының болмысына сай етіп жасап алдық. Әлеуметтік желі арқылы жарнамамызды кеңейтіп жатырмыз, бұдан бөлек адамдар сол тойда көріп, қызығып тапсырыс береді. Гононарымызға келсек, 30-40 мың теңгенің аралығында болады. Енді қазақта клиенттерге қарағанда таныс-білістің тойы көп қой. Кейде тегін жасайтын кездеріміз де бар, кейде той иесі риза болып, келіскен бағаға қосып береді.. Жазда айына 10-15 тапсырыс, ал той маусымының қарқыны бәсеңдегенде 3-4 шақырту аламыз.

ТОЙ-КӨЛІК

Қымбат көліктерсіз үйлену тойы өтпейді. Иә, қалыңдық пен күйеу жігіт осынау қуанышты күнде құрдастарымен бірге қаланы қыдырып, сән-салтанат құрады. Мұндайда бірінен бірі өтетін алып көліктерді жалға алады. Соны кәсібіне айналдырып алған жастар көп қаламызда. Солардың бірі – Асхат Мырзабекұлы.


– Бұл кәсіппен айналысып келе жатқаныма 10 жыл болды. Кейде командада жігіттермен бірге жұмыс істейміз,кейде жекелей тапсырыс-пен кетеміз. Үйлену тойларда бірге шығамыз.Әрбіріміздің меншігімізде бір-екі автокөлік бар. Менде – қара түсті жол талғамайтын көлік. Той алдында жас жұбайлармен қыдыруға 14:30-дан 20:30-ға дейінгі уақыт аралығында шықса, онда өз бағам 15 000 теңге. Ал мұндағы жігіттердің әрқайсысының өз бағасы бар. Ең арзаны 7000-нан басталып 150 000 теңгеге дейін (Rolls-Royce көлігі) барады. Лимузин 35-40 мың теңгенің арасында жүреді. Тапсырыс әлеуметтік желідегі жарнамалар арқылы келеді. Таныс, тұрақты тапсырыс берушілеріміз бар. Кейде күніне 3-4 тапсырыс алатын кездеріміз болады. Тойлардан бөлек, сәбиді перзентханадан шығару, өзге қалалардан келген қонақтарды күтіп алу, жұмыстарымен алып жүру, шығарып салу сынды қызметтерде жүреміз. Атқаратын жұмысымыз оңай. Мысалы жас-жұбайлармен қыдырғанда 7-8 көлік болып жүреміз. Өзіміздің жүру стиліміз, суретке не видеоға түсерде айналып өту, аралсып жүру деген сияқты ерекшеліктеріміз бар, неше түрлі пішіндер жасап бере аламыз. Мұнда бәріміз бірнеше жыл қатарынан жұмыс істеп жүргендіктен, бір-бірімізді түсінеміз, кім алдына,кім артына тұратынын білеміз. Жол ережесіне ұқыптымыз, кербез айдауға тырысамыз. Ай сайынғы табысым 300-350мың теңгені құрайды. Егер көлігім бұзылса бөлшектері арзан емес, жанармайы бар, көлікті күтіп баптап, таза ұстаймын. Жүрістен қалт кетуге болмайды, видеода әдемі шығу керек. Жұмысымның жауапкершілігі мол, табысым еңбегіме сай.

ТОЙ-LOVE

LOVE STORY-сыз өтетін үйлену тойлар кемде-кем. Екі жастың қуанышына жиналған қауымға жастардың таныстық хикаясын көрсетеді. Оны көбіне тауларда, табиғат аясында, әсем жерлерде, қымбат студияларда түсіреді. Мұндағы видеограф пен фотографтың маңызы зор. Жастайынан қолына камерасын ұстаған Әуезхан Жақсылық бүгінде табысты кәсіпкер.
– 17 жасымда фотограф атандым. Бұл іспен шұғылданғалы 5 жыл болды. Ерекше қиял ұшқырлығы мен шығармашылықты талап ететін жұмысқа қызығушылығым әу баста жоғары еді. Love story түсіретін менің үш міндетім бар: видеоға, суретке түсіремін және дронмен жоғарыдан түсіремін. Көбіне Балықшы, Қасқасу, Шардара сынды табиғаты әсем жерлерге барып түсіреміз. Бәрі де тапсырыс берушілердің қалауына байланыс-ты. Видеоға түскенде өзіміз бағыт беріп отырамыз, әсерлі, көркем етіп шығару — біздің міндетіміз. Кейде жас-тар өз идеяларымен жүреді, кейбірі мектепте басталған махаббаттарын мектепте түсіргісі келеді. Сондай ерекше түсірілімдер көп болып тұрады. Түсіруден кейінгі ең қиыны — монтаждау. Мен өз жұмыстарымды өзім монтаждаймын. Әрбір сәтін ерекше, әсерге толтырып жасағым келеді. Еңбегімнің ақысы – 100-150 мың теңгенің аралығында. Қайда барып, қалай және қанша уақыт түсіретінімізге байланысты. Той маусымында айына 15-20 шақты тапсырыс аламыз, ал қыс, көктем айларында 5-7 тапсырыстан әрі аспаймыз.

ТОЙ-КӨЙЛЕК

Қалыңдықтың өмірінде бір-ақ рет киетін әдемі ақ көйлегі – біздің заманда сән шыңының биігінде тұр. Оны жалға алуға немесе сатып алуға болады. Мұндайды табыс көзіне айналдырған жастардың бірі – Сабина Орынбасарова. Қалыңдық көйлегін жалға беретін дүкен ашқан ол, бүгінде кәсібін дөңгелетіп отыр.


– 1,5 жыл бұрын жігітім екеуміз бұл дүкенді аштық. Украина, Қытай, Италия және Ресейден барып, қыздардың арманындағы, ерекше, бренд көйлектерді алып келеміз. Ешкімде жоқ және сәнге еніп келе жатқан көйлектерді бірінші болып жеткізуге тырысамыз. Жалға беру бағамыз 20-200 мың теңгенің аралығында. Сату бағасы 100 мың теңгеден басталады, ең қымбаты 560 мың теңге. Көбіне кең етек, көлемді, және балық стиліндегі немесе қарапайым корей стиліндегі, сосын ханшайым көйлектерге сұраныс жоғары. Командамызда үш адам бар. Міндетіміз — қалыңдықты тойы болатын күні киіндіріп, оған қоса жаулығын, әшекей бұйымдарын, гүл шоғын беріп, бет әрлеу мен шаш үлгісін жасау қызметін қосамыз. Көйлекті әр жалға берген сайын бағасы түседі. Бір рет кигеннің қалпы өзгере бастайды. Айлық жалақымыздың басым бөлігін айналымға салып отырамыз. Дүкенннің ай сайынғы жалға алу төлемі бар. Бұл – қомақты қаражатты талап ететін кәсіп. Оны бастап, дамытыу оңай шаруа емес. Тапқаным істеген еңбегіме лайық.

ТОЙ-БАННЕР

Енді салтанат сарайының безендіру жұмыстарына келейік. Көздің жауын алатын баннер мен түрлі әсемдеу шараларының бағасы тек той жасаған оқырманға таныс шығар. Ал Нұрила Мұсаәлі бұл кәсіппен бес жылдан бері айналысып келеді.

–19 жасымда гүл дүкеніне жұмысқа кіріп, сол жерден безендіру жұмыстарын үйрендім. Бұл – ерекше, жаны әдемілікті, сұлулықты сүйетін, шығармашылыққа жақын, нәзіктікті, сәндегенді ұнататын адамдардың нағыз жұмысы. Психологиямен де байланысты. Тапсырыс берушінің не қалап тұрғанын, талғамының қандай екенін ұғып, бәрін көңіліндегідей етіп жасағанды ұнатамын. Командамызда бес адам бар. Әрқайсысының міндеті бөлек. Жігіттер құрылысымен, жақтауларды жинаумен айналысса, қыздар гүлдермен безендіреді. Бұған көп уақыт, күш жұмсалады. Кейде тапсырысымыз көбейіп кетсе, түнімен ұйықтамай, бітіретін кездеріміз болады. Төрт тәулік кірпік ілмегін кезіміз есімде. Біріншісін бітіріп, екіншісіне кірісіп кететінбіз. Бесік той, сүндет той, тұсау кесер сынды тойларда шарларды көбірек қолданамыз. Табиғи және жасанды гүлдермен безендіреміз, бірақ тапсырыс берушілердің 90% -ы жасанды гүлдермен жасауымызды сұрайды. Безендіру шет елдерде қатты дамыған, бізде де солай деп айта алмас едім. Халық аса бір бір әсірелегенді қаламайды, ысырап, босқа шығын деп ойлайды. Жұмысымыздың бағасы 40 000 теңгеден басталады, орташасы 200-250 000 теңге, ең қымбаты 600 000 теңге. Аптасына 3-4 тапсырыс аламыз.

Ақерке АНАРҚҰЛОВА

«Оңтүстік Рабат», №48, 27 қараша 2019 ж