фото Zakon.kz

Ауыр дене жарақатын алған 10-сынып оқушысы жансақтау бөлімшесінен бірақ шыққан. Қазір, осы іске қатысты Қылмыстық кодекстің екі бірдей бабымен іс қозғалып, тергеу амалдары басталып кетті. Ал, оқушы сот санкциясымен екі айға қамауға алынды. Жасөспірімдердің мұндай әрекетке баруларына не себеп болды?

Құрдасының басына пышақ сұғып алған жеткіншек бұған дейін де тәртібі қиын оқушылар қатарында болған екен. Мектепке тапанша алып келген бала кәмелет жасқа толмағандықтан, жазадан босатылған. Есесіне, оның анасы әкімшілік жауапқа тартылған. Жаңа оқу жылында ата-анасы оны Д. Қонаев атындағы мектеп- лицейіне ауыстырыпты.

Роза Мұсабекова, Д.Қонаев атындағы IT мектеп-лицейінің директоры: «Мектеп тарапынан барлық баланың тәртібіне қатысты тәрбие жұмыстары жүргізіліп отырды. Жаңағы мектеп инспекторы Салтөреев Азамат та бұл баланың тәртібінен хабардар. Оның тарапынан құқықбұзушылық болды».

27-қараша күні көрші мектепте білім алатын құрдасымен ерегісіп қалған бозбала екеуара кикілжіңді шешпек болып, онымен сабақтан кейін жолыққан. Оның соңы төбелеске ұласып, үйінен алып шыққан ас үй пышағын қарсыласының басына сұғып алған. Басынан оңбай жарақаттанған 8-ші мектептің 10-сынып оқушысы Жетісай аудандық орталық ауруханасына түскен. Жағдайы өте ауыр болғасын облыстан санавиация шақыртылып, жедел түрде Шымкентке ауыстырылған.

Ал, басынан жарақат алып, ауруханада жатқан оқушыны сынып жетекшісі момын әрі тілалғыш шәкірт еді деп отыр. Спортты жанына серік еткен ол мектепішілік жарыстарда топ жарып жүрген екен. Ал, құрдасына қару сілтеген жасөспірім сот санкциясымен қамауға алынды.

Ермек Қожамқұлов, Жетісай аудандық сотының судьясы: «Кәмелет жасына толмаған азамат үйінен пышақ алып, төбелеске барғанын білген сол кезде, төбелес болатынын, жанжал болатынын».

Болған жайттен хабардар болған аудан әкімдігі енді нақты шараларды қолға аламыз деп отыр. Осы іс бойынша сот үкімі шығысымен, бассыздыққа жол берген жандарды жауапқа тартпақшы. Ал, уақытша ұстау абақтысында отырған жасөспірімнің ісі дәлелденсе, заң алдында жауап беруі әбден мүмкін.

Ғалымжан Кенжебек