Үйрек өсіретін инста-келін

534

Ешкімге алақан жаймай, Instagram әлеуметтік желісінен бала-шағаның несібесін тауып, табысын молайтқан келіндер туралы бұған дейін де жаздық. Лайық инста-келіндердің өмірі мен кәсібін алдағы уақытта да насихаттаймыз. Сонымен біздің бүгінгі кейіпкеріміз – үйрек өсіріп, сататын Мөлдір Қалтаева. Үш баланың анасы Мөлдір инстаграм мүмкіндіктерін пайдаланып, ақша табудың әдіс-тәсілін жұртқа жария етіп, білгенін айтудан әсте тартынбайды. Осы орайда үйрек бағатын жас келіннің кәсіби кеңесін тыңдадық. Қажет те қызық тұстарын жазып алып, жариялап отырмыз. Қалада отырып, құс өсірудің де мүмкін екені рас хикая мысалында көз жеткізейік.

Мөлдір Жұмаханқызы – Түлкібас ауданының тумасы. Үш баланың анасы, әдепті келін, аяулы жар. Күйеуі үйінің тұңғышы болғандықтан да еншілерін бөлек алып шыққан. Ата-енесінің батасымен өз алдына отау тігіп, бала-шағаның болашағы үшін кішігірім кәсіппен айналысуды жөн көріпті. Осылайша Мөлдір көп кәсіптің арасынан үйрек асырап бағуды таңдаған. Пысық келін мұның себебін былай түсіндірді.

– Отбасын құрғаннан кейін қатарынан үш балалы болдым. Мұндайда жұмысқа шыға алмайтыным анық. Ата-енемнің қолында тұрмағандықтан бала-шағаны аманаттап қалдыратын адам жоқ. Балаларға қарап, отағасының тамағын жасағаннан басқа жұмыс та жоқ. Үш бірдей балаға қарау да оңай емес. Дегенмен, қазақ келінімін, мұның да жолын үйрендік. Кезінде апаларымыз қаншама балаға қарай білген ғой. Балаларым шираған соң құр отыра бермей үй жағдайында кішігірім кәсіппен айналысуды ойлана бастадым. Бала күнімнен еңбекқормын. Қол қусырып отырғанды жаратпаймын. Балалар есейген сайын шығын молаяды. Сонымен қосымша табыс тауып, отбасылық бюджетімізді молайтуға үлес қосуды қаладым. Ойлана келе құс өсіруге тоқтадым,-дейді Мөлдір.

Осы тұста көкейімізде «неліктен тауық емес, күркетауық емес, неліктен үйректі таңдады» деген сұрақ туындады. Жауабын да өзінен білдік.

«Өйткені үйрек асыраудың еш қиындығы жоқ. Жұмысы жеңіл. Тауық, күркетауықпен салыстырғанда көп күтімді қажет етпейді. Ең бастысы – суы жеткілікті болуы. Қазір Шымкентте тұрамыз. Қалада тұрғандықтан көп күтімді талап етпейтін, қалада асырауға болатын құсты таңдадым. Егер суы болса, онда қажет жұмыстың 70%-ы біткені. Үйректер судың құсы ғой. Суға шомылудан шаршамайды. Жемдерін де сумен араластырып жейді. Су ішінде сағаттап жүре береді. Ағын су болса, сол судың түбін қазып, балшық жеп жүреді. Мен үйде асыраған соң, шұңқыр ыдыстарға су толтырып, ішіне таза құм салып қоямын. Қысы-жазы таңнан кешке дейін сол суда шомылады. Күн суыта бастағаннан денелеріне май жинайды. Бір қызығы олардың қауырсынына, яғни мамығына су жұқпайды. Жем таңдамайды. Ұсақталған арпа, бидай, жүгері беремін. Түн ұйықтайтын орнына қалың шөп төсесе, болғаны. Беті жабық, не биік жердің де қажеті жоқ. Бұл құстың тағы бір ерекшелігі – олар жұмыртқасын өздері жинап, басып шығарады. Мұны көп адам біле бермейді. Бастысы жемін уақытылы беріп, астын тазартып, шөбін қалыңдатасыз. Әрине, әр істің өз қиындықтары болады. Ең бастысы – жұмысыңызды бар ынтамен істесеңіз, жемісін береді».

Үш жылдан бері үйрек бағуды кәсіп етіп келе жатқан Мөлдір осы аралықта қанша үйрек сатты екен? Бұл кәсібін әуелде неше үйрек асыраудан бастады? Мұның да жауабын жасырмады.

«Алғаш рет базардан 10 үйрек, 15 бройлер балапан және 5 қазы сатып алдым. Үйректер жылына екі рет жұмыртқа шайқайды, балапан шығарады. Бүгінге дейін төрт жүздей үйрек балапынан саттым. Түскен пайдасы жақсы. Егер ауылда тұрсаң, бұл кәсіпті тіпті кеңейтуге болар еді. Бірақ, мен қалада тұратындықтан да әзірге жер ыңғайына қарай шамада үйрек өсіріп жатырмын. Тек осы бизнеспен айналысса, бір отбасының қажетін толықтай жабуға болады. Үйректің бағасы әр түрлі. Бір балапанның бағасы 200 теңгеден басталады. Ал үлкен үйректі сойып сатсаңыз, бір данасының бағасы 5-6 мың теңгеге дейін барады. Мен көбіне базарға апарып сатамын. Сойып сататын болсам, айналамдағы адамдардан артылмайды. Үйрек етін көбіне қазақтан басқа ұлт өкілдері сатып алады. Қазақтар ала бермейді, өйткені біз қой, сиыр және жылқы етін жақсы жейміз. Әйткенмен, құс етінің денсаулыққа пайдасы мол. Соның ішінде үйректің еті мен жұмыртқасы да, тіпті мамығы да пайдалы. Үйрек етін жеген кісінің қарны тоқ жүреді. Үйрек етінен пісіретін тамаққа май қосудың қажеті жоқ. Адам ағзасына өте жеңіл әрі тез сіңімді. Үйрек етінің құрамында 20%-ға дейін құнды ақуыз бар. Еті майлы, 36,2%. Сөйте тұра үйрек майы тез ериді. 1кг еттің калориясы – 4156 ккал. Сондықтан да адам ағзасына тең сіңеді, жеңіл қорытылады».

«Instagram» мүмкіндігін молынан пайдалана білетін Мөлдір келіннің үйрек өсіруден бөлек кәсібі де бар.

«Киндердің» үш түрін жасап сатамын. «Үйретші» дегендерге шеберлік сабағын өткіземін. Тоқыма тоқимын. Тақия, шұлық, кеудешелер тоқуға тапсырыс жиі аламын. Жарнаманы тек өз инста-парақшамда жасаймын. 20 мыңнан астам жазылушым бар. Айына 150 мыңға жуық таза табыс түседі. Мен үшін әжептәуір ақша. Балаларымның барлық керек-жарағын қамтамасыз етемін. Балаларым есейген соң, кәсібімді шамалы кеңейту ниетім бар. Әзірге осыған да шүкірлік етемін. Өзім сияқты келіншектерге уақытты босқа өткізбей, әрбір минутты бағалап, қолыңыздан келетін іспен айналысып, жаңа кәсіп үйреніп, бизнес бастауды кеңес етемін. Қазір не үкіметке, не ата-анаға қол жайып отыратын заман емес. Бизнес бастауға мүмкіндік көп. Қазақстанда қаншама сала әлі бос, нарықта орын көп. Тек бастау керек. Ештеңеден қорқудың қажеті жоқ. Әлеуметтік желінің ұсынған мүмкіндігін пайдаңызға жаратыңыз».

Мөлдірмен әңгімелесе отырып, түйгеніміз – оның ісі көпке үлгі екен. Қалада тұрып, үйрек бағып, тек отағасының табысына қарамай, кәсіп етіп отыр. Ендеше жас келіннің кеңесіне құлақ түріп, қажетін алып, кәсіп ашыңыз.

Мөлдір Қалтаеваның
инстаграмы: @mukhittin_moldiri

Жанерке Хумар

«Оңтүстік Рабат», №4, 22 қаңтар 2020 ж