Биылдың 21 қаңтары Қазақстанның оңтүстігі мен солтүстігінде әкімдер тағайындалуымен есте қалды. Шымкент қаласы мен Павлодар облысының әкімдері ауысты. Бұл тағайындаулардың әдепкі ауыс-түйістен айырмасы да бар. Соңғы бір жылда басшы тұрақтамаған Шымкентте небәрі жарты жыл ішінде үш әкім ауысса, ал Павлодар облысының бұрынғы әкімі абақтыға жабылып, орнына басқа әкім келді.

Сонымен, 2019 жылдың 30 шілдесінде Ғабидолла Әбдірахымов Шымкент қаласының әкімі қызметінен кетіп, орнына Ерлан Қуанышұлы Айтаханов тағайындалды. Ерлан Айтаханов миллионды қаланың басшысы қызметінде жарты жылға жетер-жетпес уақыт отырды.
Күні кеше оның орнына Әйтенов Мұрат Дүйсенбекұлы тағайындалды. Ол бұған дейін қала әкімінің бірінші орынбасары болды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен, қалалық мәслихат депутаттарының келісімімен тағайындалған Мұрат Дүйсенбекұлы Әйтеновті қала активіне ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Ерлан Қошанов таныстырды.

Мұрат Дүйсенбекұлы 1981 жылы туған.2004 жылы С.М. Штеменко атындағы Краснодар әскери институтын, Қазтұтынуодағы Қарағанды Экономикалық университетін және М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін бітірген. Мамандығы – инженер, заңгер.
Еңбек жолын Астана қаласында 2004 жылы ҚР Қорғаныс министрлігі жанындағы арнайы байланыс бөлімінің кезекшілік ауысымының аға инженер-бастығы болып бастаған.
2006-2008 ж. – ҚР ПІБ «Астана-Өнім» АҚ шаруашылық ауласының меңгерушісі;
2008-2010 ж. – ҚР ПІБ ведомстволық қарасты ұйымдарды басқару жөніндегі бөлімнің өндірістік қызметті үйлестіру секторының сарапшысы;
2010-2012 ж. – ҚР Президенті Іс Басқармасының ресми іс-шаралар және сыртқы байланыстар бөлімі меңгерушісінің орынбасары;
2012-2013 ж. – ҚР Президенті Іс Басқармасының ресми іс-шаралар және сыртқы байланыстар бөлімінің меңгерушісі;
2013-2016 ж. – ҚР Президенті Іс Басқармасының аппарат басшысы;
2016 – 2019 ж. – Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқарушысының орынбасары;
Ол осы әкім қызметіне келгеніне дейін Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары болды. Бұл қызметіне де аз уақыт бұрын, яғни 2019 жылдың 27 желтоқсанында келген болатын.

Шымкент әкімімен қатар Павлодар облысының жаңа әкімі мәлім болды. Бұл лауазымға Әбілқайыр Бақтыбайұлы Сқақов тағайындалды.
Жаңа әкімді ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин таныстырып, бұған дейін Павлодар облысының әкімі болған Болат Бақауовтың қызметінен босатылғанын атап өтті.
Әбілқайыр Сқақов 1974 жылы Павлодар облысында туған.
Ақмола қаржы-экономикалық техникумын, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетін, Қазақ құқықтану және халықаралық қатынастар институтын, М. В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін аяқтаған. Мамандығы – қаржыгер, заңгер.

Еңбек өтілі:
– 1995 жылдан 2005 жылға дейін – Павлодар облысы бойынша салық инспекциясының маманы, салық инспекторы, аға салық инспекторы, бөлім бастығы, Павлодар қаласы бойынша Салық комитеті төрағасының орынбасары;
– 2005-2006 жылдары – Павлодар облысы Қашыр ауданы бойынша Салық комитетінің төрағасы;
– 2006-2008 жылдары – Павлодар облысы Денсаулық сақтау департаменті директорының орынбасары (экономика және қаржы бойынша);
– 2008-2010 жылдары – Павлодар облысы бойынша Салық департаментінің Павлодар қаласы бойынша салық басқармасының бастығы;
– 2010-2012 жылдары – Қостанай облысы бойынша Салық департаментінің бастығы:
– 2012-2014 жылдары – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Салық комитеті төрағасының орынбасары;
– 2014 жылдан 2016 жылға дейін – Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы;
– 2016 жылғы 1 желтоқсаннан – 2019 жылдың сәуіріне дейін – Қорғаныс министрінің орынбасары (экономика және қаржы бойынша).
– 2019 жылдың сәуірінен соңғы тағайындауға дейін ҚР Қаржы министрлігі Қаржы мониторингі комитетінің төрағасы болды.

Павлодар облысының әкімі лауазымының жұрт назарына ілінуіне де себеп бар. Мұның алдын ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Павлодар облысының әкімі Б. Бақауовқа қатысты лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғаған.
Кейін, Павлодардың мамандандырылған тергеу соты оны екі айға қамауға алу туралы бұлтартпау шарасын санкциялады.
Ал Болат Бақауов өзіне тағылып отырған айыппен келіспейтінін айтты.

«Оңтүстік Рабат», №4, 22 қаңтар 2020