Келер аптаның басында «Сәуле» шағынауданындағы №129 мектепте Әл Фараби ауданының әкімі Ғабит Мәуленқұлов халық алдында есеп береді.
Кездесуге шалғайдағы 276 орамның тұрғындары да қатысуға ниетті. Өйткені, Жаңа құрылыстағылар ел қатарлы сапалы ауыз су ішіп, тегіс жолмен жүріп, көгілдір отынға қол жеткізбек.
Нұрислам мен Арназ аналарына бүгін жолы болғандарын жарыса айтып тұр. Мектеп автобусынан қалып кеткен балаларды 3 шақырым жердегі үйіне арнамыздың түсірілім тобы жеткізіп тастады. Балаларын қарсы алуға шыққан отағасы Ердос Бекбол мүмкіндікті пайдаланып, ауылдағы мәселелерді тізіп берді.
«Өздеріңіз байқаған шығарсыздар. Жол нашар. Бір жерде тас бар, бір жерде жоқ. Бізге қоғамдық көлік келмейді. Электр жарығына киловатына 45 теңге төлейміз. Он үйден аспаған соң, бізге электр желісін тартпады. Мұндағы үйлер бұрын ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланған жерлерде салынған» дейді Ердос Бекбол.
Қоныстанғанына бір жыл болғандықтан, отағасы үйге техникалық төлқұжатты енді алады екен. Айтуынша, ауылдастарының көпшілігі баспаналарын әлі рәсімдемеген. Сондықтан, мұндағыларға ауыз су арнайы көлікпен жеткізіледі. Автобус қатынамайтын елді-мекен тұрғындары көрші ауылдағы жолға дейін жаяу баруға мәжбүр. Көрші Бадам тұрғын алабында бағаналар орнатылып, электр желісі тартылыпты. Оған қазынадан 253 млн. теңге бөлінген. Жолдың құрылысы биыл басталады екен.
Дәурен Бозымбаев, Әл Фараби ауданы әкімінің орынбасары: «276 орамға инженерлік коммуникация тартуға сәулет-жоспарлау тапсырмасы орындалды. Биыл жобалық — сметалық құжат әзірлеуге бюджеттен 59 млн. теңге бөлу қарастырылуда».
Өркениеттен қалып қойған 276 орамның тұрғындары аудан әкімінің халықпен кездесуіне арнайы қатыспақ. Балалары оқитын мектепте өтетін есепті жиында барлық коммуналдық мәселелерді көтермек.
Шынар Оразова