Түрік сериалдары қазақстандықтар өмірінің бір бөлшегіне айналғандай. Сұлу, тартымды түрік әртістері көбіне таныс-ақ. Бүгінде отандық телеарналардың бірінен көрсетілетін «Қара ниет» (Yasak elma) сериалы да көптің көңілінен шығып жатыр. Көрермендер бұл сериалдың әр эпизодын асыға күтетінін байқаймыз. Ендеше сериалдағы әртістердің шынайы болмысымен жақынырақ танысыңыз.
«Қара ниет» (Yasak elma) сериалы Түркияда 2018 жылдың наурыз айында көрсетіле бастады. Оқиға желісінде бір-біріне мүлдем ұқсамайтын апалы-сіңлілі екі қыздың өмірі баяндалады. Жұлдыз бен Зейнептің отбасынан алыста, үлкен қаладағы тағдыры көрсетілетін сериал қысқа уақытта көрерменге кеңінен танылды.
Зейнеп пен Жұлдыз бір-бірін өте жақсы көріп, бір-бірінің дамуына қолдау көрсеткенімен екеуінің арманы екі бөлек.
Зейнеп әпкесі Жұлдызға мүлдем ұқсамайды, салмақты, ақылды әрі сондай таза ниетті қыз. Адал еңбегімен нәпақасын тауып, білімімен жетістікке жеткісі келеді. Ал әпкесі Жұлдыздың болмысы Зейнепке мүлдем кереғар. Екі жыл бойына көрермендерін экран алдына байлаған туынды 3 маусымы Түркияда көрсетіліп жатыр. Ендеше Зейнеп пен Жұлдыздың өмір жолын баяндайтын сериал әртістерімен танысыңыздар.
Sevda Erginc (Зейнеп)
«Қара ниет» сериалында адал әрі аппақ таза ниеті арқылы достарының сенімді серігіне айналған Зейнептің Әлиханмен бақытты өмір сүруін тілейтін көрермендері көп-ақ. Ақылына көркі сай ару кино және театр әлеміне 15 жасында аяқ басқан. Ол 1993 жылы Ыстанбул қаласында туған. Бойы – 150 см, ал салмағы – 50 кг.
Sevda қазақстандық көрермендерге «Қаргүл» сериалындағы Айше рөлі арқылы етене таныс. Зейнеп Севданың алғашқы басты рөлі емес. Ол бұған дейін бірнеше басты рөлде ойнап, көрермен көзайымына айналды. Әдемі арудың әзірге отбасын құру ниеті жоқ.
Eda Ece (Жұлдыз)
1990 жылы 20 тамызда Ыстанбулда дүниеге келген. Ол өнер жолын галерияда жұмыс істеп бастаған. Университеттің театр сахнасында да өзін сынап жүрген жас әртіс сол кездің белгілі есімдерінің бірі Tümay Özokurдің көзіне түсіп, сол арқылы телевидениеде көріне бастады.
2011-2014 жылдары алғашқы сериалына түскен жас актер Түркияның атақты жұлдыздарымен бір жобада болғанын мақтаныш етіп, олардан көп білім алғанына айтады.
Сериалда жүріп, фильмдерге шақырту алып, таныла бастады. «Қара ниет» сериалындағы Жұлдыз кейіпкері оның алғашқы басты рөлдерінің бірі.
Қазіргі таңда 20-ға жуық фильмдер мен сериалдарға түскен. Ол Жұлдыз рөлімен Түркиядағы сұранысы жоғары актрисалардың тізіміне енді.
Отбасын құрмаған сұлудың әзірге тұрмысқа шығу ниеті жоқ екен.
Ең алдымен атын танытып, карьерасын өсіріп, өз есімін қалыптастырғысы келеді. Дегенмен Түркия БАҚ-тары «Қара ниет» сериалындағы Әлихан рөлін сомдайтын (Onur Tuna) актермен арасында сезім барын жазады.
Onur Tuna (Әлихан)
Сериалдағы басты рөлдегі еркек Әлихан рөлін ашқан актер есімі – Onur Tuna. Ол 1988 жылы 16 тамызда Çanakkale қаласында дүниеге келген. Математиктер отбасында туған актердің бір ағасы бар.
Ол гитарада өте жақсы ойнайды. Ән айтқанды жақсы көреді. Тіпті 70-ке жуық ән орындаған Онурды жанкүйерлері әнші деп те қабылдайды.
Алайда ол өзі киноға түскенді жаны қалайды. Биік бойлы (бойы – 195 см) актер бос уақытында волейбол ойнайды.
Универсиеттің театр сахнасына шыққан актер сол кезде 4 жылдай кәсіби модель де болған. Ол қазақстандық көрермендеріне «Қара ниет» сериалымен танылды. Ал түркиялықтардың жүрегін бірнеше жобадағы бас-ты рөлдерімен жаулаған. Қазір сұранысқа ие актерлердің тізімінде.
Ол сериалдағы әріптесі Eda Eceмен қарым-қатынасы туралы арнайы хабарландыру жасамаған. Дегенмен екеуін өте жарасымды жұп деп тауып, бақытты болуын тілейтін жанкүйерлері көп.
Şevval Sam (Ендер)
Сериалдағы қылықты әрі ақша мен атақ-абыройды өте жақсы көретін ақылды әйел Ендердің рөлін сомдайтын Şevval Sam 1973 жылы туған. Бойы – 165 см, салмағы – 57 кг. Ол Түркияға мәлім, атақты әнші Leman Samның қызы.
1993-1999 жылдары Beşiktaş футбол командасының мықты футболисі Metin Tekinмен отбасылы болды. Екеуінің бір ұлы бар.
Şevval Sam кино әлеміне 1993 жылы келді. Сол жылы көрерменге жол тартқан «Супер әке» атты сериалда Дениз есімді кейіпкердің бейнесін сомдап, көрерменнің ерекше ықылысана бөленді. Араға уақыт салып әкесінің жолын қуып, 2006 жылы алғашқы ән альбомын жарыққа шығарды.
Жанкүйерлерін әсем үнімен де баурай білген сұлу кейін де бірнеше альбомын жариялады.
Араға ұзақ уақыт салып кино саласына «Қара ниет» сериалындағы Ендер рөлі арқылы қайта келіп, көрермендерін қуантты.
Жанерке Хумар
«Оңтүстік Рабат», №3, 15 қаңтар 2020 ж