Қазіргі таңда елімізде жасөспірімдердің оның ішінде оқушылардың қатысуымен жол-көлік апаттары жиі болатыны жасырын емес. Осындай олқылықтың алдын алу мақсатында Түркістан облысы Полиция департаментінің қызметкерлері қызу әрекет жасап, жұмысты жандандыруда.

Түркістан облысы ПД ӘПБ бастығы полиция полковнигі Алмасхан Тастанбеков: «Жалпы, оқушылардың көліктер зулаған үлкен трассалардан аман-есен өтуі үшін Түркістан облысы Полиция департаменті қызметкерлері қарқынды жұмыстар атқаруда. Бұл мәселе облыс полицейлерінің күн тәртібінен түскен емес. Жылда шілде-тамыз айларында мектептер жанындағы жолдардың жағдайы зерделеніп, қажетті жол белгілері турасында тиісті мекемеге ұсыныстар жолданады. Соның нәтижесінде өткен 2019 жылы бұрынырақ тапсырыс берілген 900 жол белгілермен қатар жаңадан тапсырылған 500-ден астам орнатылуы тиіс жол белгілері тиісті орындарға қойылды.

Оның ішінде облыс орталығы болып саналатын Түркістан қаласына 70-тен астам жол белгілері яғни жасанды кедергілер, дыбыс жолақтары, жаяу жүргіншілерге арналған жолақтар, өткелдер орнатылды. Негізінде қорытынды есепке қарасақ 2018 жылы оқушылардың қатысуымен 33 жол-көлік оқиғасы орын алса, 2019 жылы 23 жол-апаты болған, бұдан жол-көлік оқиғаларының 10-ға дейін төмендегенін байқауға болады. Оған қоса, кәмелет жасына толмағандар ісі бойынша мектеп инспекторлары да мектепке оқушылар келетін және қайтатын кезінде қадағалап өткізіп жіберуде жүйелі жұмыстар атқаруда. Сондықтан полицейлер атқарып жатқан жұмыстардың нәтижелі екенін айта аламын»-дейді облыстағы ахуалды тілге тиек етіп.

Бүгінде күнделікті жүріп-тұруымызға ең қажетті дүние–темір тұлпар екені даусыз. Онсыз өмірімізді елесте де алмаймыз. Аталмыш көліктердің саны жылдан-жылға артып жатқаны тағы бар. Бұл дұрыс та шығар. Алайда көліктердің соқтығысуы және жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің жол қозғалысы ережелерін сақтамауы салдарынан өмір бойы өкіндіретін үлкенді-кішілі жол-көлік оқиғалары болуда. Шындығында, жол еркелікті және қателікті кешірмейді. Бұл тәртіпке жүргізуші мен жаяу жүргінші де бағынуы тиіс. Балалар жолда жүру заңын сіз бен бізден үйренеді десек, балаларға жолда жүру ережелерін үйретіп, үнемі үлгі көрсетіп және жүріс-тұрысын қадағалап, көшеде болатын қауіпті жағдайлардан сақтандыру сіз бен біздің басты міндетіміз.

Осы тұста ТО ПД ӘПБ Жол және техника инспекциясы бөлімінің ерекше тапсырыстар бойынша аға инспекторы Данабек Мырзабеков: «Жаңа оқу жылы басталмас бұрын Түркістан қаласындағы 42 жалпы орта мектептер тексеріліп, 32 мектепке «Абайлаңыз, балалар!» белгісі және жаяу жүргінші өткелдерінің қажеттілігі анықталды. Бұл жөнінде Түркістан қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөліміне ұйғарым беріліп, жаңа белгілер орнатылды. Мына біз тұрған, С.Қожанов көшесі қаламыздың орталығында орналасқан, бұл көшенің бойында №15 М.Жұмабаев атындағы мектеп бар. Оқушылардың жүріп-тұруы қауіпсіз болуы үшін бірінші кезекте, көше қиылысынан бастап жылдамдықты шектеу жол белгісі 40, автокөліктерге тоқтауға тыйым салу белгісі, жылдамдықты бәсеңдету үшін дабылды жолақ, жаяу жүргінші өткелдері, жарықтандырғыш, бейнебақылау құрылғылары орнатылған. Мұндай жағдайлар басқа да мектептер алдында қажеттілігіне қарай жасалған. Жалпы, 2019 жылы қаладағы 64 көшенің жаңартылуына байланысты 37 шақырым тротуар қабаты, 28 шақырым велосипед жолдары жасалып, жарықтандыру қондырғылары орнатылды. Жол белгілері де тиісті орындарға қойылды»-деп, қаладағы атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті.

Негізінде жол-көлік оқиғаларына байланыс¬ты түрлі жазатайым жағдайлардың орын алуына кейде жаяу жүргіншілер де себепші болып жатады. Олай дейтініміз, тұрғындардың басым бөлігі белгіленген жолақтан өтпей, жолды кез-келген жерден кесіп өтеді. Елімізде барлығымызға ортақ жол қатынасы енгізілген. Бұл ережені үлкен-кіші жаяу жүргіншілер де, көлік жүргізушілері де бұлжытпай орындауы керек. Ал, полицейлер жол-көлік оқиғаларын болдырмау бағыттағы жұмыстарды жандандырып, күнделікті жұмыс жоспарларынан түсірмей, мінсіз қызмет атқаруға қашанда дайынбыз дейді. Сондықтан азаматтарды жол тәртібін бұзбауға шақырады.