30 шымкенттік шетелдерде діни білім алып жүр

92

Жаттың дүниетанымы жарға жығады. Шетелдерде діни білім алып жүрген жерлестерімізден келер қауіп зор. Теологтар мен дін өкілдері осылай дабыл қағады. Соған қарамастан күманды ілім іздеп шекара асып жатқандарға ешқандай тосқауыл жоқ. Арам пиғылдарын іске асырғысы келетіндер қазақ жастарына құшақ жайып отыр дейді мамандар. Теріс ниеттілерден келетін қауіп-қатердің бетін қайтаратын жол қайсы?
Жат ағым өкілдері арам пиғылдарын тіпті аэропортта-ақ бастап кетеді. 1998-2005 жылдары аралығында Мысыр еліндегі Әл-Азхар университетінде теология негіздері факультетінде білім алған Шымкент қаласы орталық мешітінің найб имамы Еркебұлан Қарақұлов осылай деді. Діни білім беруде әлемдегі ең іргелі оқу орнында мамандық игеруге шешім қабылдаған оны алғашта уахабилік-сәләфилік бағытқа үгіттеушілер көп болыпты. Бөгделердің ықпалына бой бермеген ол қазір ілім іздеп елден кетіп жатқан жастардың дені бейресми оқу орындарына таңдау жасап отыр дейді.
Өзін Хадиша деп таныстырған біздің кейіпкеріміздің туған інісі қазір Мысыр елінде діни білім алып жүр екен. Осыдан екі жыл бұрын ілім іздеп шекара асқан бауырының мұндай шешім қабылдауына достары әсер етіпті. Алайда, еліміздің тиісті ведомствосымен келісім шарт жасаспаған бейресми оқу орнында оқып жүрген шымкенттік жігітті қазір ата-анасы мен туысы елге қайтара алмай әлек.
Мамандар күманды жиһад іздеп Сириядағы қақтығыс алаңына аттанғандардың арасында шетелде білім алып келген жерлестеріміздің көп екеніне алаңдайды. Сондықтан да теологтар да бүгінде халық арасында түсіндіру жұмыстарына қызу кіріскен. Мамандар ілім іздеп шекара асқан азаматтармен каникул кезінде арнайы кездесулер ұйымдастырып, сұқбаттасып отырамыз дейді. Бұл бағыттағы жұмыстардың тіпті олармен қарым-қатынаста болатын ата-аналарымен, туыстарымен де жүргізілетінін айтады.
Төребай Арысбеков, Шымкент қаласы «Дін зерттеу орталығы» МКК теолог-дінтанушысы: Таяу Шығыс, Түркия, Сауд Арабия елдерінде білім алып жатқандар арасында жат бағытқа кетіп жатқандар бар, ханафи масхабын мойындамай, Сирияға кетіп жатқандар да жетерлік…
Қазақ жастары үшін шетелдерде білім алу жылдан-жылға қолжетімді болып келеді. Теолог мамандығын игеру үшін шетел асқан 30 шымкенттіктің дені қазір Сауд Арабия, Мысыр елдерінде білім алып жүр. Алайда, салаға жауаптылар бұл мамандықты елімізде де алуға мүмкіндік бар дейді. Қазір республика бойынша 9 медресе мен 4 жоғары оқу орнында теология негіздері оқытылады .  Мақпал Рысбаева