Сайрам ауданының әкімі Уласбек Садибеков Ақсу ауылдық округіндегі бірқатар өндіріс орындарын аралады.

Атап айтқанда, тәулігіне 1 500 дана арнайы форма, әскери киім және төсек орындарын тігуге қауқарлы «АХБК» ЖШС-і тігін фабрикасын және заманауи құрылғыларымен жабдықталған көкөністер мен жемістерді сақтайтын қоймалар мен ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу цехының жұмыстарымен танысты.

Тігін фабрикасы бүгінгі таңда 100 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырса, сыйымдылығы 40 000 тонналық қойма 100-ден 200-ге дейін жұмыс орнын ұсынған.
Сондай-ақ, Ұ.Сәдібеков аталған ауылдық округіндегі Құрама жем шығаратын зауытқа, «Bella Mebel» жиһаз фабрикасына барды.

Айта кетейік, 0,4 га жерді алып жатқан Құрама жем зауыты жылына 80 000 тонна жем дайындап, ішкі нарыққа шығарады және көрші Өзбекстан Республикасына экспорттайды. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында іске қосылған зауытта қазір 15 адам жұмыс істейді.

Ал жылына 4000 жиһаз дайындайтын «Bella Mebel» өнімдерінің 70% -ы ішкі нарықта сатылып, қалған 30%-ы Германия, Италия, Түркия, Қытай, Ресей елдеріне экспортталады. Бұл фабрика 117 азаматты тұрақты жұмыспен қамтуда.

Аудан әкімімен кездесуде кәсіпкерлер де өз тарапынан ұсыныс-тілектерін айтты.