Айқаптықтар әкімдікте айқай-шу шығарды

268

«Біз өтінбейміз, біз талап етеміз!». Шымкент қаласы «Айқап» шағынауданы тұрғындары бүгін қала әкімдігінің ғимаратында шу шығарды.

Айтуларынша, жергілікті жолаушылар бірер жылдан бері автобусқа жарымай келеді. Осыдан 3 жыл бұрын жүргізілген №24 бағыттағы көліктер бүгінде атымен жоқ деп шағынады жұртшылық. Қолданыстағы №21 бағыттағы автобустардың қатынауына да халықтың көңілі толмай отыр. Ушығып тұрған қоғамдық көлік мәселесін билік өкілдері қалай шешпек?

Осыған дейін тиісті сала өкілдерінің сан уәдесіне тойған көпшілік көкейлеріндегі сауалға әкімнің жауап беруін талап етті. «Айқап» шағынауданы жолаушылары қоғамдық көлік сұрап бармаған жеріміз, баспаған тауымыз қалмады дейді. Тіпті президентке дейін хат жазған тұрғындар шағымданудан да шаршадық деп шырылдайды.

Айқаптықтардың» айқай-шуына себеп болып отырған осы автобустар. №21 бағыттағы көліктер бұған дейін шағынауданда орналасқан аялдамаларға қатынап келген. Алайда, жуырда ғана жұмысқа кіріскен жаңа «Шымкентбас» компаниясына тиесілі автобустар қазір «Айқапты» айналып өтеді екен.

Бағыттағы көліктердің жұмысына көңілі толмаған халықты билік өкілдері сабырға шақырды. Алайда, басқарма өкілдерінің төбесі көрінгеннен көпшілік өре түрегелді. Осыған дейін мәселені шешіп береміз деп ушықтырып жіберген жауаптыларға бұл жолы халықты басу оңайға түспеді.

Шенеуніктер компания өкілдері «Айқап» шағынауданындағы жолаушылардың талабын ескереді деп сендірді. Бағытты қайта қарап шығамыз деп уәде етті. Ал айқаптықтардың арманына айналып отырған №24 бағыттағы көліктердің мәселесі әл-әзір шешілетін түрі жоқ. Жергілікті билік өкілдері мәслихатқа ұсыныс береміз деп сендірді.

Мақпал Рысбаева