Арыстық жасөспірім дене жарақатымен ауруханаға түсті

105

Түркістан облысы полицейлері жасөспірімдер арасындағы төбелес жайты бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізуде

15.01.2020 жылы Арыс АПБ-нің кезекші бөліміне кәмелет жасына толмаған жасөспірім жарақат алып, ауруханаға жеткізілгені туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына жеткен жедел-тергеу тобының анықтауы бойынша 15.01.2020 жылы түнгі уақытта Арыс қаласының көшелерінің бірінде жасөспірімдер арасында жанжал туындап, төбелеске ұласқан.

Нәтижесінде олардың бірі өз құрдасын пышақпен жарақаттаған.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері күдіктіні ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамауға алды.

Қазіргі уақытта аталған жайтқа қатысты ҚР ҚК-нің 24-99-бабы «Адам өлтіруге оқталу» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Полиция қызметкерлері оқиғаның толық мән-жайын анықтауда.

Сол күні Арыс ауданында әкімдіктің, полицияның, білім беру өкілдерінің, мектеп директорларының және басқа да мүдделі ұйымдардың қатысуымен осы жайтқа байланысты шұғыл кеңес өтті. Кеңеске қатысушылар кәмелет жасына толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша бірлескен жедел іс-шараларды жиі ұйымдастыру, сондай-ақ жасөспірімдердің түнгі уақытта үйден тыс жерде жүруіне жол бермеу және ата-аналардың өз балаларын тәрбиелеудегі маңызды рөлі туралы талқылады. Белгілі болғандай, балалардың үйден тыс жерлерде түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз жүруі бойынша ҚР-ның заңнамаларында әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Өз кезегінде, Түркістан облысының полицейлері ата-аналардың балаларына мұқият болуға және оларды қараусыз қалдырмауға кеңес береді. Сондай-ақ өз балаларын тәрбиелеуге арнайы уақыт бөліп отыру қажет, өйткені олар үшін ең алдымен ата-аналардың өздері жауапты.