19 792 теңге. Шымкент қаласында жаңғыртылған атаулы әлеуметтік көмекті тағайындауға белгіленген кедейшілік шегі осы. Отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы осы сомадан аспаса, онда сол отбасы жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмекке қол жеткізеді. Қазір осы атаулы әлеуметтік көмекті беруге құжат қабылданып жатыр. Құжаттарды өтініш берушінің тегі бойынша әліпби ретімен қабылдайтын болған еді. Әйткенмен, келушінің көптігінен туындаған қарбалас кезінде орындалуы қиынға айналды. Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Ербол Садыр хабарлағандай, 2020 жылдың 5 қаңтарынан құжат қабылдау бас-талып, 13 қаңтарға дейін 9 244 адамға консультация берілген. Барлығы 2 765 отбасыдан өтініш қабылданыпты.
40 205 АЗАМАТ БЕЛСЕНДІ АЛУШЫЛАР
Қала тұрғыны Ләззат Садыханова 2020 жылға дейін атаулы әлеуметтік көмектің белсенді алушысы боп келді. Жаңа жылдан бастап енгізілген өзгертулерге сәйкес, ол енді АӘК алу үшін жұмыс істеуі керек.
– Күйеуім жұмыс істейді. Жалақысы – 50 000 теңге. 15 мың теңгесіне пәтер жалдап тұрамыз. 2 баламыз бар. Бірі мектепте оқиды. Кенжеміз 4 жаста. Бала күтімімен үйде отырамын. Бұған дейін атаулы әлеуметтік көмекті еш қиындықсыз алып келдік. Жаңа заңға сәйкес, мен де жұмыс істеуім керек екен. Сондықтан да АӘК-ге ілінбей қалдым,- дейді Ләззат Садыханова.
Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Жанат Өтебаеваның айтуынша, құжатын өткізе алмай жүрген белсенді алушылар өте көп. Көбісінің зейнетақы аударымдары дұрыс емес, өйткені көптеген мекемеде аударымдар бір ай кеш түседі. Салдарынан түсінбеушілік туындайды. Алайда мұндай азаматтарға алаңдауға негіз жоқ. Олар құжаттарын қаңтар айының соңына дейін немесе ақпан, наурыз айларында да өткізе алады. Бастысы Заңның басқа талаптарына сай келсе болғаны екен.
Шымкент қаласында атаулы әлеуметтік көмектің белсенді алушыларының тізімінде 40 205 адам бар. Әйткенмен, бұл атаулы әлеуметтік көмек тек осы тізімдегі адамдарға ғана тағайындалатынын білдірмейді. Заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, егер бекітілген талаптарға сай келмесе, бұл азаматтар тізімнен шығарылады. Олар 6 айға дейін құжатын қайта тапсыра алмайды,- дейді Жанат Өтебаева.
НЕ ӨЗГЕРДІ?
2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда 4 немесе одан көп баласы бар көп балалы отбасыларға жаңа мемлекеттік жәрдемақы енгізілді. Олардың табысына қарамастан мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Бұл көпбалалы аналардың беделін мойындап, аз қамтылған отбасы деген стереотиптен алынып тасталынады.
Сонымен АӘК беру бойынша енгізілген толықтырулар мен өзгерістерге сәйкес:
– АӘК енді тоқсан сайын тағайындалады;
– Отбасының жұмысқа қабілетті мүшесі міндетті түрде еңбекке тартылуы керек (Егер отбасының еңбекке қабілетті мүшесі ұсынылған белсенді жұмыстан бас тартса онда ол және оның барлық отбасы мүшесі АӘК алу құқығынан айырылады);
– АӘК мөлшері барлық отбасы мүшелеріне жан басына шаққанда орташа табыспен кедейлік шегі арасындағы айырмашылықпен белгіленеді;
– Бала күтімімен айналысатын анаға, бала 3 жасқа толғанша жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысу міндеті қойылмайды;
– Учаскелік комиссия жұмысы жәнек жауапкершілігі күшейтілді;
– Атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылардың балаларына заттай қолдауды қамтитын әлеуметтік кепілдендірілген пакет ұсынылады.
Ескерту: 4 және одан көп баласы бар отбасыларға төленетін мемлекеттік жәрдемақы табыс көзі болып есептеледі. Бұған дейін отбасының орташа айлық табысын есептеуде 4 және одан көп балаға төленетін мемлекеттік жәрдемақы табыс көзі болып есептелмейтін.
Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек құжаты мына орындарда қабылданады:
1. Нұрсат м.а., Бәйтереков көшесі № 89. Халықты жұмыспен қамту орталығының ғимараты;
2. Бәйдібек би даңғылы №60. Қаратау ауданы әкімі аппаратының ғимараты;
3. Тәуке хан даңғылы, №3. Абай ауданы әкімі аппаратының ғимараты;
4. Тыныбаев көшесі, №49. Әл-Фараби ауданы әкімі аппаратының ғимараты;
5. Толстой көшесі, №119. Еңбекші ауданы әкімі аппаратының ғимаратын.
Құжаттар қаладағы 5 мекенжай бойынша қабылдануда. Мекенжайдағы құжат қабылдау орындарының қайсысына барсаңыз да, айқау-шу. Атаулы әлеуметтік көмекке құжат тапсыруға келуші көп. Басым бөлігі – әйелдер. Баласын ертіп алған аналар көп. Құжаты өтпей қалғандары да бар.
2020 жылдан бастап АӘК жаңа тәсілмен тағайындалып төленетіні жайлы бұған дейін талай айтылса да, халық арасында әлі де түсініспеушілік бар. Тіпті АӘК жаңа форматын түсіндіру және құжат қабылдау жұмыстарына 40-қа жуық ерікті мен сала мамандары жұмылдырылғанымен наразылардың қатары азаяр емес. Бұған дейін атаулы әлеуметтік көмек қаржысын алып келген отбасылар бұл көмектен айырылып қалатынын қауіп етеді.
Осы ретте Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының әлеуметтік көмек бөлімі басшысының міндетін атқарушы Мақпал Нұржауова азаматтардан келіп түсетін сұрақтарға жауап берді.
С: Жаңа форматтағы АӘК-ні кімдер ала алады?
Ж: АӘК нағыз мұқтаж, өмірлік қиын жағдайға тап болған және одан өз бетінше шығуға мүмкіндігі жоқ адамдарға ғана тағайындалады. Яғни, отбасының жан басына шаққандағы айлық табысы — 19792 теңгеден аспаған жағдайда оларға аталмыш көмек түрі беріледі. Алайда, масылдықты болдырмау үшін отбасының еңбекке қабілетті мүшесі міндетті түрде жұмыс істеуі керек. Егер отбасының еңбекке қабілетті мүшесі жұмыссыз болса, «Еңбек» бағдарламасымен қоғамдық не әлеуметтік жұмыстарға, жастар практикасына жолданады. Мамандығына сай жұмыс табылмаған жағдайда 3 айлық курсқа жолдама алып, қайта оқытылады. Ұсынылған белсенді жұмыспен қамту шараларынан бас тартса, оған және оның отбасының барлық мүшелері АӘК алу құқығынан айырылады. Сондай-ақ, бала күтімімен айналысатын ана баласы 3 жасқа толғаннан кейін жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысу міндетті.
С: АӘК ескі моделі мен жаңа форматының айырмашылығы қандай?
Ж: Жаңа форматтағы АӘК еңбек ететін бірақ табысы аз отбасылар мен олардың балаларына қамқорлық жасауды көздейді. Бұл дегеніміз – отбасының әрбір мүшесіне айына орташа есеппен 10054 теңге төлемнен бөлек, әр балаға айына орташа есеппен 10 000 теңгеге дейінгі кепілдендірілген әлеуметтік пакет қарастырылған.
С: Кепілдендірілген әлеуметтік пакет дегеніміз не? Ол қалай беріледі?
Ж. Мемлекеттік атаулы көмек алушының отбасындағы 1-18 жас аралығындағы балаларға берілетін заттай қолдау. Пакет 2-ге бөлінеді: 1-6 жас және 6-18 жас аралығындағы балаларға.
Бірінші пакетке (1-6 жас) балалар тағамы, гигиеналық құралдар жатады. Оның өзі балалардың жас ерекшелігіне қарай екіге бөлінеді:
1) 1-3 жасқа дейінгі азық-түлік наборы, гигиеналық құралдар.
2) 3-6 жасқа дейінгі балалар тағамы, гигиеналық құралдар.
Тағамдар ай сайын, ал гигиеналық құралдар тоқсан сайын, яғни 3 айда бір рет беріледі. Аталмыш наборлар қаладағы бірнеше ірі сауда орталықтарында белгіленген арнайы нүктеде тарқатылады.
Екінші пакетке (6-18 жас) мектеп жасындағы балаларды мектеп формасымен, оқу құралдарымен қамтамасыз ету кіреді. Осы мақсатта тамыз айын-да ата-аналарға 25 000 теңгелік сертификат берілетін болады. Сол арқылы қалада арнайы белгіленген дүкендерден мектепке қажетті заттарды сатып алуға болады. Сондай-ақ, мектеп жасындағы балалар тегін ыстық тамақпен қамтылады. Сонымен қатар, олардың қалалық көлікте жол жүру шығындары мен стоматологиялық көмек ақысының шығындары өтеледі.
1-3 жас аралығындағы табысы аз отбасылардың балаларына берілетін кепілдендірілген әлеуметтік пакеттің азық-түлік жиынтығы:
1. Гипоаллергенді жеміс езбесі, 600 гр;
2.Гипоаллергенді көкөніс езбесі, 610 гр;
3. Балаларға арналған гипоаллергенді балалар ботқасы, 320 гр;
4. Өлшеп оралған жүгері жармасы, зауыттық қаптамада, 400 гр;
5. Өлшеп оралған сұлы үлпегі, зауыттық қаптамада, 800 гр;
6. Балаларға арналған балалар печеньесі, 800 гр;
7. Балаларға арналған пастерленген сүт, зауыттық қаптамада, майлылығы 2,5 %, 2 литр.3-6 жас аралығындағы табысы аз отбасылардың балаларына берілетін кепілдендірілген әлеуметтік пакеттің азық-түлік жиынтығы
1. Балаларға арналған пастерленген сүт, зауыттық қаптамада, майлылығы 2,5 %, 2 литр;
2. Бидайдың қатты сорттарынан жасалған макарондар, 800 гр;
3. Өлшеп оралған сұлы үлпегі, зауыттық қаптамада, 800 гр;
4. Күнбағыс майы, зауыттық қаптамада, 0,8 литр;
5. Классикалық гематоген, 240 гр;
6. Құрамында тұтас дақылдары бар, таңғы асқа арналған сүтті жастықтар, 250 гр;
7. Балаларға арналған печенье, 400 гр;
8. Өлшеп оралған арпа жармасы, 1 кг;
9. Өлшеп оралған қарақұмық жармасы, 1,6 кг;
10. Өлшеп оралған уатылған бұршақ, 800 гр;
11. Өлшеп оралған ұнтақ жармасы, 700 гр;
12. Табиғи бал, 200 гр.1-6 жас аралығындағы табысы аз отбасылардың балаларына берілетін гигиеналық құралдардың тізімі:
1. Балалар тіс пастасы;
2. Балалар тіс щеткасы;
3. Балаларға арналған гипоаллергенді сабын;
4. Балалар сусабыны;
5. Балалар кремі;
6. Кір сабын;
7. Балалар кір жуғыш ұнтағы.
С. Мектеп жасындағы 3 баласы бар, ажырасқан жалғызілікті ана. Көмекке қол жеткізе ала ма?
Ж: Жаңа заңда, 3 жастан асқан баласы бар еңбекке қабілетті ана жұмыспен қамтылуы керек деп жазылған. Бұл жағдайда ана жұмыс істесе және 3 балаға алимент алса, отбасына кіретін табысы жан басына шаққанда — 19792 теңгеден аспауы керек. Сонда ғана АӘК тағайындалады. АӘК тағайындалған отбасыға — баламалы кепілді әлеуметтік пакетте беріледі. Бұл жағдайда мектеп жасындағы 3 баласы да тегін ыстық тамақпен қамтылады, заттай көмек алады. Олардың қалалық көлікте жол жүру шығындарының 50 пайызы мен стоматологиялық көмек ақысының шығындары өтеледі.
С: 4 баласы бар отбасы. Кенжесі — 3 жасқа толмаған жағдайда құжатты анасы емес, әкесі өткізе алады ма?
Ж: Әрине, болады. 3 жасқа толмаған баласы бар отбасының жұмысқа қабілетті бір мүшесі (әкесі не анасы) еңбекке қамтылса, екіншісі белсенді жұмыспен қамту шараларынан босатылады. Сондықтан да құжатты өткізуге мүмкіндігі бар отбасы мүшесі тапсыра алады. Алайда, ескеретін жайт – отбасының жиынтық табысы жан басына шаққанда кедейлік шегінен аспауы керек. Отбасына төленетін АӘК мөлшері — жан басына шаққандағы орташа табыс пен кедейлік шегі айырмасымен белгіленеді.
Мәселен: 4 баласы мен ата-анасы. Отбасының жиынтақ табысы: 85 000 тг. Оны жан басына бөлеміз. Шыққан соммадан кедейлік шегін шегереміз. Шыққан сомманы жан басына көбейтеміз. Бұл отбасына тиесілі бір айлық АӘК мөлшері. Соны 3 айға көбейтеміз.
85000/6 =14166
19792-14166=5625.
5625*6=33750*3=101250 тг.
Айлық кірісі 80000 теңгені құрайтын 6 адамнан тұратын отбасы тоқсан сайын 101250 теңгені және әр баласы үшін кепілді әлеуметтік пакетті алып отырады.
С: Құжат тапсыратын кезде қай айдың кірісі ескеріледі?
Ж: Құжат тапсырған айдан кері санағанда соңғы 3 айдың кірісі ескеріледі. Мәселен: 2020 жылдың қаңтарда тапсырсаңыз, 2019 жылдың қазан, қараша, желтоқсан айларының жалақысы қоса есептеледі. Егер ақпан айында құжат тапсырсаңыз 2020 жылдың қаңтары мен 2019 жылдың қараша, желтоқсаны. 2020 жылдың сәуірінде 2020 жылдың қаңтар, ақпан, наурыз айларының жалақысы. Дегенмен, ескеретін жәйт, жалақыдан ұсталатын 10 пайыздық зейнетақы аударымы болуы шарт.
Айжан Ермекқызы
«Оңтүстік Рабат», №3, 15 қаңтар 2020