«Түнде ұйықтай алмайтын болдым. Бала – шағам бар дегендей. Басылып қалса ертең. Бір Құдай біледі енді».

Азат шағынауданының тұрғындары бір сәтте үйінді астында қалудан қорқады. Алғашында есік-терезе сықырынан басталған бұл үйдегі өзгеріс бүгінде баспананың бір жаққа жантаюына жеткен. Қабырғаның қақырауына көзі үйренген жұрт мұның себебін «Су ресурстар маркетингі» серіктестігінен көреді. Сөздерінше, бүтін тұрған үй жер астындағы су құбыры жарылуынан бүлінген.

«Менің үйім көктемге дейін не боларын бір Құдай біледі. Қазір жер қатып тұр. Ештеңе білініп жатқан жоқ. Ертең еріген соң барлығы одан сайын бүлінуі мүмкін» дейді шағынаудан тұрғыны.


«Азат» шағынауданындағы апат бір үймен ғана шектелмейді. Көршісінің күйін көше бойындағы тағы бір тұрғын кешіп отыр.

Әділбек Сейітжанов, қала тұрғыны: «Шырылдап қоңырау соғып жатырмыз. Күннен күнге жарылып жатыр, келіп көріңіздер деп. Ешкім келмейді. Соңғы рет 30-на келіп, сараптама жасады. Одан бері 1 ай болды, ешкім келмеді».


Мінбедегілерден әзірге қайыр болмайтын сыңайлы. Себебі құбыры жарылған маркетинг мамандары кінәні тұрғындардың өзінен көріп отыр. Сөздерінше, сызат түскен үйлер ережеге сай соғылмаған.

Бауыржан Ділдәбеков, «Су арнасы» мекемесінің директор орынбасары: «Бұл судан үй жарылады, дуал жарылады деген сөз емес. «Азат» мөлтек ауданындағы 3 үйдің құрылыс ережелері сақталмағандықтан осылай жауапкершілікке апарып отыр. Қала тұрғындарына айтарым сейсмикалық тұрғыда қабылданғаннан кейін үй соғуға кеңес берер едім».


Алайда, азаттықтар үй салу ережесінің бүтін шымкенттіктерден ерекшелігі жоқ екенін алға тартады. Айта кетейік, дәл осындай жағдай 2 ай бұрын «Азаттағы» тағы бір үйде болған еді. Тек оның соңы үйдің апатты деп танылып, тұрғындарының далада қалуымен аяқталған. Енді олардың күйін таяқ тастам жердегі көршілері кешейін деп отыр.

Назерке Үкібасова