Бәйдібек АПБ-нің кезекші бөліміне сағат түнгі 22:00-лер шамасында 2007 жылы туылған жасөспірім үйінен белгісіз бағытқа шығып кетіп, қайта оралмағаны жөнінде хабарлама келіп түседі. Шағымданушылардың айтуынша 13 жасар жасөспірім сол күні түсте атасымен сөзге келіп қалып, үйінен кетіп қалған.

Аталған хабарлама бойынша Бәйдібек АПБ-нің полицейлері кәмелет жасына толмаған баланы табуға тез арада іске кірісті. Баланы аман-есен табу мақсатында қажетті деп танылған барлық іс-шараларды жүзеге асырды. Көрген-білгендерден сұрастырып, жақын маңдарды аралап, баланың баруы мүмкін деген жерлері мен таныстарына сұрау салды. Тәртіп сақшыларының жүйелі жұмыстары оң нәтиже беріп, 1 сағаттан соң баланың Шымкент қаласына кеткені анықталды. Тергеу барысында 13 жасар бала, атасына ренжіп, өзінің Шымкент қаласындағы әкесінің үйіне барғаны белгілі болды. Сондай-ақ, жоғалған 6-сынып оқушысының ата-анасы осыдан бірнеше жыл бұрын ажырасқаны белгілі болды.

Осылайша жасөспірімді алып келу мақсатында аудандық полицейлермен қатар, мүдделі органдардың өкілдері бірлесіп, Шымкент қаласына әкесінің үйіне барады. Отбасылық кикілжіңнің салдарынан біраз қиындықтар туындап, баланы бергісі келмеген әкесі үйінде жоқ болып шығады. Алайда полицейлердің мұқият атқарған жұмыстары арқасында бала таңғы сағат 05:00 шамасында туыстарының үйінен табылады. Полицейлер баланы тауып, анасына табыстады.

Өз кезегінде баланың анасы полицейлерге алғысын білдірді: «Жоғалған баламды тауып, күні-түні жұмыс жасағандарыңызға мың алғыс! Баламды Шымкент қаласына кетіп қалады деп ойламадым. Ал, полицейлер бәрін ой-елегінен өткізіп, діттеген мақсаттарына жетіп, мінсіз қызмет атқарды. Рахмет»-деп ризашылығын білдірді. Түркістан облысы полицейлері азаматтарға кәмелет жасына толмаған балаларымен дос болып, жиі сөйлесіп отыруға, араласатын ортасын толық біліп, бақылауда ұстауға кеңес береді. Ал, егер балаңыз жоғалып немесе еш бірер сағат болсын еш хабарсыз кетсе, уақытты өткізбей, тез арада полицияның «102» телефонына хабарласыңыздар.