Бөлінген қаржылар қайда кетіп жатыр? Бұл туралы бүгін Еңбекші ауданының тұрғындары әкімнен сұрады. Сөздерінше, өткен жылы берген жауаптылардың уәдесі сол күйі орындалмаған. Берілген уәденің сұрауы боларын сезбеді ме екен әкімдерге биылғы есепте ақталуға тура келді.
«Шаңырақ» шағынауданында биылғы жылы емхананың құрылысын бастаймыз деп жоспарланып отыр».
Бұл Еңбекші ауданының 2020 жылы алға қойған мақсаты. Өткен жылды сәтті аяқтадық деген әкім есепке тас түйін дайындықпен келген. Ғалымжан Ілиясов нәтижелі жұмыстарды тізбектеп берсе, тұрғындар аяқталмағандарын айтып берді.
«Көктерек көшесі қалып кетіп жатыр. Ол былтыр салынуы керек еді. Абайдың өзі келіп барлығы жасалады деп уәде берген. Бірақ көше құрылысы аяқсыз қалды», дейді қала тұрғыны.
Еңбекші ауданында жарым жартылай жасалған жолдардың қатары аз емес екен. Ал, ол жолдарды жарықтандыру тіпті қолға алынбаған сыңайлы. Себебі қараңғы көшемен баламыз өтеді деп тек ата-аналар емес, мектеп директорларының өзі келген.
Қала тұрғыны: «Қыс ауасында біздің балаларымыз таңертең барғанда өте қиналады. Тротуар бар, бірақ жарықтандыру жоқ. Сол көшедегі бұрылыста бағдаршам орнатылса деп едім. Өйткені бұл үлкен трасса. Сосын бізде қоғамдық көлік жоқ».
Ал, тұрғындардың бірі әкімнің өткен жылы айтқан уәдесін есіне салды. Берілген сөздің сол жерде қалғанын айтқан олар қаржының қайда кеткенін сұрады.
«Өткен жылы уәде беріп кеткен едіңіз. «Шаңырақтың» барлық көшелері жөнделеді деп. Бөлінген пұлдар басқа жаққа кетіп жатыр ма?».
Бірақ, биыл әкім жалынды ұранға басқан жоқ. Әр уәденің сұрауы боларын білді ме екен барлығының биыл аяқталмайтынын ашық айтты. Еске сала кетейік, биыл қала қоржынына 300 млрд. теңге бөлінген болатын.
Назерке Үкібасова