«Бітірген шаруасы шамалы!». Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында баға нарығын тұрақтандыра алмаған министрлерге шүйлікті. Елімізде ең қажетті деген азық-түлік қымбаттап кеткен. Ал министрлер мен әкімдердің бағаны тұрақтандырудағы шаралары нәтижесіз. Қайтпек керек? Ел президенті бұл қиындықтан шығу үшін үкімет басындағыларға қандай тапсырмалар жүктеді?
Халық жиі тұтынатын тауарлар бағасы 10 пайызға өскен. Үкімет жиынында ел Президенті Қасымжомарт Тоқаев мұны екшеп айтты. Былтыр Еуразиялық экономикалық Одақ елдері арасында инфляция деңгейінен алдымызға жан салмаппыз. Бұл орайда аталған стратегиялық мақсаттарға қол жеткізуде Үкіметтің қадамдарын қайта жүктеудің уақыты жетіп отыр.
Қасымжомарт Тоқаев, ҚР Президенті: «Реформаларды жүзеге асыру қарқыны баяулағанын мойындау керек. Бұл фактіні халықаралық және отандық сарапшылар белгілеп отыр. Ел экономикасының терең реформаларының бағдарламасын даярлау маңызды деп санаймын. Бізге жаңа экономикалық бағыт керек. Реформалар ерік пен табандылықты талап етеді, Үкіметті дәл осындай жігерге шақырамын. Реформаларды іске асыру үшін ең алдымен мықты жігер керек. Үкімет осы қасиетті көрсетеді деп үміттенемін. Басқа жол жоқ, өйткені уақытымыз да жоқ».
Нарықтағы жағдайды тұрақтандыруда кемшіліктер жетерлік. Бағаны бақылаудан шығарып алған жауаптыларды қызметтен қуып, тым болмағанда сөгіс беруге де болар еді. Бірақ, Президент мұны шешім деп таппады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті: «Халық тұтынатын ең қажетті тауарлардың бағасын өсіріп жібергені үшін қатаң шара қолдануға болар еді. Жалпы алғанда, сөгіс беру жақсы нәтижеге жетудің тиімді жолы емес. Бұл менің нақты ұстанымым. Сондықтан Үкімет мүшелеріне және әкімдерге кемшіліктерді түзетуге мүмкіндік беріп отырмын».
Алайда, Президент елімізге жаңа экономикалық бағыт керектігін ашып айтты. Еңбек өнімділігінің елеулі өсімінің болмауы — үлкен проблема екенін де жасырмады. Шикізаттық емес экспорттың үлесі баяу өсіп келеді. Нарықтағы жағдайды жақсарту үшін Үкімет пен әкімдер қай салаға басымдық беруі тиіс? Ел Премьер — министрі Асқар Мамин биылғы 5 міндетті атап берді.
Асқар Мамин, ҚР Премьер-министрі: «Сіздің тапсырмаларыңызды орындау аясында Үкіметтің 2020 жылғы жұмысының негізгі мақсаты — экономика өсімін 4,7-5 % деңгейінде қамтамасыз ету болып табылады. Сонымен бірге, Үкіметтің алдында 430 мың жаңа жұмыс орнын құру, инвестициялар көлемін жалпы ішкі өнімнің 20% деңгейіне жеткізу, шикізаттық емес экспортты $18,6 млрд дейін жеткізу, халықтың нақты табысын 6% арттыру, шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесін 30 пайызға дейін ұлғайту және 15 млн. шаршы метр тұрғын үй салу бойынша аса маңызды міндеттер қойылған».
Бұл жолы Үкімет мүшелеріне сөгіс емес – мүмкіндік берген президент тапсырмаларды жауапкершілікпен орындау қажеттігін ескертті. Көктемде бұл мәселеге қайта оралатынын да айта кетті. Сол кезде түрлі себеп-сылтаулармен жүктелген міндеттердің үдесінен шыға алмаған шенеуніктер қызметінен босайды.
Мақпал Рысбаева