«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде облыс әкімінің бірінші орынбасары Қосман Айтмұхаметов 16 тұрғынды қабылдады. Облыстың түкпір-түкпірінен келген тұрғындар негізінен баспана мәселесіне байланысты өтініштері мен талап-тілектерін айтты.

Ордабасы ауданынан келген Ш.Тұрганбаева мен Г.Әлібекова тұрғын үй кезегінің жылжымай қойғанын айтып, шағымданды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары шағымданушылардың өтінішін сараптап, бұл тұрғындарға үй өз кезегінде, яғни, 557 және 282-ші кезек бойынша берілетінін, ол қадағалауда екенін жеткізді. Ешқандай бұрмалаушылық болмайтынын мәлімдеді.

Үй кезегі бойынша күманданатын тұрғындар өзге аудандарда да бар болып шықты. Төлебилік Н.Алдабергенова 2011 жылы тұрғын үй алу кезегіне тіркелген. Алайда белгісіз себеппен кезектен шығарылып, қайта тіркелгендіктен 1114 кезекке жылжып кеткен. Қосман Қайыртайұлы бұл тұрғынның кезектен не үшін шығарылғанын анықтау жөнінде аудан әкіміне тапсырма беретінін айтты. Жетісайлық Б.Көпжасароваға да кезек бойынша үй берілетіні түсіндірілді. Түркістандық А.Әлімжановқа да заңға сәйкес түсініктеме берілді. Бұл тұрғынның ұлы өз кезегіне сәйкес 1 бөлмелі үйге ие болмақ. Облыс орталығында тұратын Г.Асенбаеваға, А.Аманжол, М.Оспановаға тұрғын үйдің кезекке сәйкес берілетіні айтылды. Сонымен бірге Қосман Қайыртайұлы А.Аманжолға әлеуметтік және медициналық көмек көрсету, М.Оспановаға әлеуметтік қолдау көрсету жөнінде тапсырма беретінін, мәселені қадағалайтынын мәлімдеді.

Жұмысқа орналасу бойынша шағымданған Д.Әлімқұловаға жұмыспен қамту орталығына тіркелу жөнінде кеңес берілді. Жұмыспен қамтуға жауапты басқармаға тиісті тапсырма жүктеліп, көмек көрсетіледі.

Былтыр жарылыстан зардап шеккен Арыс қаласынан да бірнеше тұрғын үй мәселесі бойынша қабылдауға жазылған болатын. Арыстық Б.Диханбаевқа мемлекет тарапынан үйі жөнделгені, сырттағы жазғы асхананы өзі жөндейтіні түсіндірілді. Ал үйі сапасыз жөнделді деп шағымданған А.Мәуленованың үйі қайтадан тексеріліп, тиісті іс-шара атқарылатын болды.

Қоғамдық қабылдаудан тұрғындарда әлі күнге дейін тұрғын үй кезегіне тұру, құжат тапсыру бойынша тиісті мағлұмат өте аз екені аңғарылды. Сонымен бірге баспананың әділ бөлінбейтіні, кезегінің уақтылы жылжымайтыны туралы да шағым жеткілікті. Сондықтан осы бағытта ақпараттандыруды күшейткен жөн. «Nur Otan» партиясының Түркістан облыстық филиалы бұл мәселені назарда ұстайды.