Былтыр кәсіпкерлерге 1 пайыз жеңілдетілген несие берілген

93

Түркістан облысында 141 992 шағын және орта кәсіпкерлік субъекті жұмыс істейді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 108,6 пайызға артық. Осындай көрсеткішпен өңіріміз Республикада ІІ орынға шықты. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында облыс әкімінің орынбасары М.Мырзалиев баяндады.

Мейіржан Иябайұлының сөзінше, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері 450 млн. теңгенің өнімін өндірген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 133%-ға өсіп, Түркістан облысы Республика бойынша І орынға көтерілген.

«Кәсіпкерлер үшін қаржыландыру қолжетімділігін арттыру мақсатында бірқатар мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар шеңберінде қаржыландыру көлемі ұлғайтылды. Бұл үшін 2019 жылға 74,6 млрд. теңге көзделіп, сома өткен жылмен салыстырғанда 16,5 млрд. теңгеге артты. Бөлінген қаражат шеңберінде 5 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік жобалары және 42 мыңға жуық ауылшаруашылығы тауар өндірушілері қаржыландырылды», – деді облыс әкімінің орынбасары.

Сонымен қатар, «Қамқор», «Жас кәсіпкер» және «Кәсіпкер ана» бағдарламалары аясында 1 пайыздық мөлшерлемемен кәсіпкерлерге қаржылай қолдау көрсетілді. Оның ішінде Арыс қаласы бойынша 320 млн. теңгеге 86 жоба қаржыландырылып, халықтың әл-ауқатын көтеру бойынша жемісті жұмыстар атқарылды.