«Үкімет Президенттің тапсырмасын орындаған жоқ». Мәжілісмен Ирина Смирнова өзінің әлеуметтік желісіндегі парақшасында осындай жазба қалдырды. Халыққа алғашқы Жолдауында Қасым-Жомарт Тоқаев зейнетақы қорындағы ақшаны алуға рұқсат берілуі тиіс деп Үкіметке тапсырма берген болатын. Алайда ескі жыл аяқталып, жаңа жыл басталғанымен тапсырма сол күйі орындалған жоқ. Тек Үкіметтің жанынан жұмыс тобы құрылып, зейнетақы жинағын пайдалануға қатысты ұсыныс әзірленген.

Үкіметтің Президент тапсырмасын орындай алмағанын және зейнетақы жинағындағы ақшаны баспана алуға пайдалану үшін кемінде 10 миллион теңге болуы тиіс дегенімен келіспейтінін Ирина Смирнова фейсбук желісіндегі парақшасында жариялады.

Ондай ақшаны елімізде төленетін жалақымен жинау үшін 30 жылдан көп уақыт қажет дейді мәжілісмен. Ал зейнетақы қорында жинақталған ақшаны теңге құнсызданған сайын қайта есептелмейтіндігін ешкімнің ескермегенін де мәжіліс депутаты жазбасында қалдырыпты.

«Жалақы беру саясатын қайта қарау қажет. Зейнетақы төлемдерін жинақтау жүйесі мен девальвация кезінде қаржыны қайта есептеуді де ойластыру қажет! Егер соны істегендеріңде, әрбір адамның жинағындағы ақша да көп болушы еді. Тым құрығанда теңге айналымға шығарылғалы бері 1 теңгенің құны неше рет түсті сонша рет. Сонда жинақтардағы ақшаның көлемі де шынайы болар еді» делінген жазбада.

Елдегі 9 миллион 600 мың салымшының ішінен 102 000 тұлғаның ғана зейнетақы шотындағы ақшасы Үкімет «баспана алуға мүмкіндігі бар» деп бекіткен межеге жетеді. Құжат бойынша Шымкент қаласында 1 миллионға жуық зейнетақы шоты бар. Алайда Үкімет бекіткен «миллиондарды» жинаған салымшылардың саны тіпті екі мыңға да жетпейді.

Әбідмұрат Исабаев, БЖЗҚ Түркістан облысы бойынша филиалының орынбасары:
«Шымкент қаласында қазіргі таңда 10 миллионнан көп жинаған 1186 адам бар. Ал 20 миллионннан көп жинағаны 135 адам».

Шымкент қаласының тұрғыны Алматкерім Баязеров 10 миллионды зейнетақы шотына жинау үшін қарапайым халық бір ғасыр жұмыс істеуі керек. Түптеп келгенде қарапайым халыққа түк пайдасы жоқ дейді.

Алматкерім Баязеров, Шымкент қаласының тұрғыны: «100 жыл істегенде сондай сома жиналуы мүмкін ғой. Рас қой. Бұл ешқандай тиімсіз меніңше. Мен Шымкент қаласында, не Түркістан облысында бір адамды естіген жоқпын 16 миллион теңге зейнетақы қорына жиналды деген».

Ұсыныс дайындалған. Соңғы шешім Президенттен. Ал қазіргі қолданыстағы заңға сәйкес зейнетақы жинағындағы қаражатын 63 жасқа толған ер азаматтар, 59,5 жастағы әйелдер мен Қазақстаннан көшіп, өзге елдің азаматтығын алған тұлғалар шешіп ала алады.

Меруерт Ахан