Кәсіпкер мектеп салынатын жер телімін әкімдікке сыйлады

190

Әкімдердің халықпен кездесуі жалғасуда.

 

Еңбекші ауданының әкімі Ғалымжан Ильясов

Бұл жолы екінші есепті жиынын Еңбекші ауданының әкімі Ғалымжан Ильясов қаланың іргесіндегі Бауыржан Момышұлы атындағы №120 мектепте өткізді. Тоғыс, Маятас, Жыланбұзған, Елтай тұрғын алабтары мен Жаңақұрылыстан жиналған ағайын күнделікті тұрмысына қажетті мәселелерді көтерді.

Төлеби ауданынан Шымкенттің құрамына қосылған елдімекеннің тұрғындары өткен жылдардағы есепті жиындарда ауыз су мәселесін көтерсе, бұл жолы жарықтандыру, жол, қоғамдық көлік мәселесіне басымдық берді.

«№144 бағыттағы көліктен кестесін сұрасаң, аралық уақыты 24 минут дейді. Қайдағы 1 сағат күтуге тура келеді. Бізде көбісі қалада жұмыс істейді. Әсіресе, кешкі уақытта  қаладан ауылға қайту үлкен мәселе. 1000 теңгеден төлеп қайтатындар да бар. Тоғысқа 70 теңгеге қоғамдық көлікті жүргізуге болмайды ма?», дейді тұрғындардың бірі.

Есепті жиынға жиналған ағайын жеке басының емес көпшілікке ортақ мәселелерді әкімнің өзіне жеткізуге мүмкіндік алды.

«Елтай» тұрғын алабының тұрғыны Әсемкүл Исабаеваның «Балаларымызды  тасымалдайтын бір автобус бар. Қоғамдық көліктің жұмысын реттеу керек»,- деген өтінішіне,  әкім «бірде-бір мәселе қараусыз қалмайды. Қоғамдық көліктердің  бағыттары, жұмысы бойынша сын ескертпелеріңіз бен ұсыныстарыңызды қалалық автомобиль жолдары және жолаушылар тасымалы басқармасына жібердік. Қазір көп  халық тұратын  елдімекендерге  қоғамдық көліктің  жиі жүруі қолға алынып, халық саны аз ауылдарға әлеуметтік бағыттағы автобустар жүргізіледі. Олардың шығындары бюджет есебінен өтеледі, субсидия арқылы», деп жауап берді.

Маятастықтар мен «Тоғыс» тұрғын алабы тұрғындарының айтқан Бадам өзені арқылы өтетін көпір салу мәселесі шешімін табатын болды. Құрылысын жүргізуге жобалық-сметалық құжат жасалып, сараптама қорытындысы алыныпты. Елтай, Жаңақұрылыстағы өзекті мәселелердің қатарында мектеп құрылысы тұр.

Әкім  жиналған қауымды бір қуантты. «Елтай тұрғын алабында ауылдастарыңыз — кәсіпкер мектеп салуға 3,5 гектар жерді мемлекетке  сыйлады. Білім басқармасы құжаттарды рәсімдесе, кәсіпкер мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 600 балаға шақталған мектеп ғимаратын салып беруге дайын» деді аудан басшысы.

Есесіне, Президент шалғайдағы, қала іргесіндегі халықтың тұрмысын жақсартуды Үкіметке тапсырып қана қоймай , бағдарламаларды жүзеге асыруға бөлінген қомақты қаржының мақсатты жұмсалуын қадағалайтынын жария еткен болатын.

Шынар Оразова