Шымкент қаласының мамандандырылған ХҚО-да 2019 жылдың 12 айында 330 мыңға жуық мемлекеттік қызмет көрсетілсе, оның ішінде 47 391-не жүргізуші куәлігі берілген. Маңызды ақпаратты «Азаматтарға арналған үкімет» МК КЕАҚ Шымкент қаласы филиалының баспасөз қызметі хабарлап отыр.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы филиалының директоры Данабек Исабековтың айтуынша, жүргізуші куәлігін алу барысында адам факторы толығымен алынып тасталды, яғни тиісті балл жинасаңыз, жүйе сізге автодромдағы практикалық емтиханнан өтуге мүмкіндік береді. Емтиханнан сәтті өткен соң, ақпарат жүргізуші куәлігін дайындауға жіберіледі.
Шымкентте барлығы 11 Халыққа қызмет көрсету орталығы жұмыс істейтінін ескерсек, оның ішінде 3 мамандандырылған ХҚКО және көші-қон қызметін көрсету орталығы бар.
Қазіргі уақытта «Достық» шағынауданындағы және К. Төлеметов көшесіндегі мамандандырылған ХҚО-да көлік иелері өз автокөліктерін қайта тіркеп, жүргізуші куәлігін алып, практикалық емтихан тапсырып келеді. Сондай-ақ, онда жүргізуші куәлігін алу үшін медициналық тексеруден өтуге де бар жағдай жасалған. Күн сайын мұнда 200 жүргізуші куәлігі беріліп, 1000-ден астам көлік құралы есепке алынады екен.
Естеріңізге сала кетейік, азаматтар сондай-ақ электрондық үкімет порталы арқылы жүргізуші куәлігін ауыстырып, автокөлігін қайта тіркей алады. Жыл басынан бері онлайн тәртіпте 4 мыңнан астам автокөлік тіркеліп, 7 761 жүргізуші куәлігі беріліпті.
Мөлдір Бекеева