Алиса Бойка апта бұрын Қытайдың Хайнань қаласына бармақ болып жолдама алған. Ол кезде аспан асты елінде вирустың енді тарап жатқан тұсы. Төніп тұрған қауіптің жоқтығына сенген қала тұрғыны бүгін Қытайға ұшу керек болатын. Бірақ, рейстердің тоқтатылуына байланысты, демалыстан қағылдық дейді.

Алиса Бойка, қала тұрғыны: «Біз жолдама алып жатқанда агенттік өкілдері вирустің Хайнаньға бармайтынын айтты. Себебі ондағы температура жоғары екен. Ал, ондай жағдайда вирус таралмайды. Осыған сеніп біз саяхаттауға бел будық. Және қатты алаңдаған жоқпыз. Ол жақта демалып жүрген таныстарымызбен де хабарластық. Сөздерінше, Хайнаньдағы жағдай қазір бірқалыпты. Бірақ, саяхатшылар қонақүйден шығарылмай жатыр екен».

Қытайдағы қауіпті індеттен қорықпай саяхат жасаймын деушілердің қатары Алисамен аяқталмайды. Қаламыздағы турагенттік директорының сөзінше Қытайға шымкенттіктер ақпан айына да жолдама алып үлгерген. Олардың арасында бас тартқандары да әлі кездеспепті. Агенттік жетекшісінің сөзінше жау шаптырудың қажеті жоқ.

Андрей Шаповалов, турагенттік директоры: «Саяхат сүйер қауым Қытайдағы жағдайға қарамастан аспан асты еліне барудан бас тартып жатқан жоқ. Қайта бізде ақпан айына да жолдамалар жасалып қойды. Шет елге шыққысы келгендердің көпшілігі негізі Қытайды таңдайды. Бірі медицинасына қызығып емделу үшін барса, бірі демалуға асығады».

Есесіне, еліміздің бас санитары қазір Қытайға барудың қажеті жоқ дейді. Себебі 23 – қаңтарда басталған жағдай бойынша бүгінге дейін 2744 адам аталмыш дертке шалдығып, 80-і көз жұмған. Ал, күні кеше Қытай шекарасы жабылды.

Жандарбек Бекшин, ҚР Денсаулық сақтау комитетінің төрағасы: «Ухань қаласына карантин қойылған. Қытай билігі осындай шешім шығарды. Қаладан шығуға да, кіруге де болмайды. Қытайға барушыларға ең бірінші айтарымыз, себеп өте маңызды болмаса, жоспарлы сапардан бас тартқан жөн. Ухань қаласына бармауды ұсынамыз. Мұны жолаушылар да түсініп отыр. Көптеген жолаушылар билеттерін қайтарып жатыр. Ол өте дұрыс. Туристік фирмаларға жадынама үлестіріп жатырмыз».

Айта кетейік, Қытай эпидемиологтарының мәліметі бойынша, дерт Хубей провинциясының Ухань қаласындағы базардан тараған. Көтерме базарларда теңіз жануарларының, жарқанаттың, құс еттерінің, жабайы мысық, жабайы иттің етінен жасалған тағамдар сатылған.

Назерке Үкібасова