Сайрам АПБ-не Қарабұлақ ауылында орналасқан мал базарға мал сатуға барған екі жергілікті тұрғын арызданады. Жәбірленушілер өз арыздарында базарда белгісіз азаматтар жасырын түрде қалталарындағы ақшалары мен ұялы телефонын ұрлап кеткенін көрсетеді.

Жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі 400 000 теңгені құрады. Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркелді. Оқиға орнына жедел жеткен Сайрам ауданының полицейлері шұғыл әрекет етіп, жақын аймақтарды аралап шықты, куәгерлерден сұрастырды, бейнебақылау камераларын мұқият тексерді.

Нәтижесінде ұрыларды қылмыстың «ізін суытпай» 1 сағат ішінде ауданнан шығып бара жатқан жерінен ұстады. Күдіктілердің екеуі де Тараз қаласының тұрғындары болып шықты. Тергеу барысында, күдіктілердің ұрлық жасау үшін жоспар құрып, осында арнайы келгені анықталды. Біреуі сатушыны сөзге айналдырып тұрғанда, келесісі қалтасынан ақшаны қағып кеткені белгілі болды. Сондай-ақ, күдіктілер бүрын сотты болғаны анықталды. Айғақты зат ретінде ұрланған ақша мен ұялы телефон тәркіленіп алынып, заңды иелеріне қайтарылды. Тергеу амалдары жүргізіліп, жинақталған құжаттар аудандық сотқа жолданды.

Түркістан облысы полицейлері азаматтарға өздеріңіздің бағалы заттарыңызға, қаражаттарыңызға сақ болыңыздар деп ескертеді. Оған қоса, күдіктілерді ұстау үшін аянбай еңбек ететін полицейлердің қызметін бағалауды сұрайды. Себебі қаншама қиындықпен ашылған қылмыстар, осылайша кешірім берудің салдарынан қысқартылып кететін көрінеді.