Мас халде көлік басқарған азамат қамауға алынды

186

Түркістан облысы полицейлері жүргізуші құқығынан айырылған бола тұра, мас халде көлік басқарған азаматты қамауға алды

Ағымдағы жылдың 15-қаңтар күні Жетісай ауданындағы ауылдардың бірінде тас жолдың бойында жол-көлік оқиғасы болды деген хабарлама келіп түседі. Оқиға орнына жеткен полицейлер Опель және Волга автокөліктерінің соқтығысқанын анықтады. Тәртіп сақшыларының тексеру жұмыстары нәтижесінде Келес ауданының тұрғыны өзінің «Опель Вектра» маркалы көлігімен ауылына қарай тиісті бағытымен кетіп бара жатқаны айқындалды. Кенет Асықата кентінен Жетісай қаласына қарай келе жатқан «Волга» маркалы автокөлігі Келестік тұрғынның бағытына түсіп кетіп, қарсы бағытқа шығу салдарынан жол апаты орын алған болып шықты.

Аталған жайт бойынша полицейлер жол қауіпсіздік ережесін бұзушысы жүргізушіге қатысты тексеру жұмыстарын жүргізді. Және оның бұдан алдын Шымкент қалалық мамандандырылған соттың шешіміне сәйкес 2021 жылдың мамыр айына дейін көлік құралын басқару құқығынан айырылғаны анықталды. Яғни жол апатын жасаушы, көлік басқару құқығынан айырылса да қайта заңға қайшы әрекет жасаған. Онысымен қоймай масаң халде көлік айдағаны белгілі болды. Мастық күйін анықтау сараптамасының қорытындысына сәйкес «орта дәрежелі» екендігі айқындалды. Көлік жүргізушісі өз кінәсін толық мойындады.

Бұл дерек ҚР ҚК-нің 346-бабы «Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы» бойынша тіркеліп, тергеу ісі басталды. ЖҚЕ бұзған азамат Жетісай АПБ-нің уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Түркістан облысы полицейлері азаматтарға жол қауіпсіздік ережесін сақтап, жолда абай болуды ескертеді. Жаңа жыл қарсаңында жаңадан белгіленген заңнамаға сәйкес ішімдік ішіп, көлік басқарғандарға жаза одан сайын күшейтілгенін тағы атап өтеді. Сондықтан өзіңіз үшін, өзге де жолаушылар үшін барынша сақ болыңыздар, құрметті көлік жүргізушілер!