Шымкенттегі М.Әуезов атындағы ОҚМУ студенттер мен магистрант, докторанттардың стипендиясының көлемін еліміздегі жоғары оқу орындары ішінде алғаш болып көтерді.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жастар форумында 2020 жылдың қаңтар айынан бастап университет пен колледж студенттерінің шәкіртақысы 25 пайызға өсетінін мәлімдеген болатын. Бұл тұрғыда еліміз бойынша шамамен 130 мың студенттің стипендиясы жоғарылайтыны белгілі болды
Осыған орай, университеттегі «Жастар орталығының» мүшелері жиын өткізіп, пікірлерін білдірді. Тоқыма және тамақ инженериясы жоғарғы мектебінің 2-курс студенті Айтөре Садыбай күні кеше 26 180 теңге шәкіртақы алғанын айтады.
– Бұрын 20 000 теңге алатын едім. 25 пайыз шәкіртақы қосып берген Мемлекет басшысына, университет ректоры Дария Қожамжароваға алғысымызды білдіреміз. Алдағы уақытта оқуда озат, ғылымда үздік болуға сөз береміз, — дейді студент.
Айта кету керек, бүгінде М.Әуезов атындағы ОҚМУ-да 28 мың студент күндізгі бөлімде білім алуда. Оның 9 мыңға жуығы мемлекеттік грант негізінде оқып, шәкіртақы алады. Олардың арасында магистранттарға 66 913 теңге, докторанттарға 102 498 теңге шәкіртақы берілген.